Азаматтық некенің зардабы
- Толығырақ
- Жарияланды 20.04.2018 06:18
- Автор: Super User
- Категория: Иман
- Қаралды: 2208
Соңғы уақытта не үйленгенге, үйленбегенге жатпайтын «азаматтық неке» деген қазақтың жан дүниесіне жат құбылыс жиілеп кетті. Осыны біле тұра қазақ жастарының құтсыз қадамға баруы бәрімізді ойға қалдырады.
Өкінішке қарай, елімізде уақытша неке ұсынушылардың сөзіне еріп, тұзақтарына түскен қыздар да баршылық екен. Бұл туралы арулардың ата-аналары да білмейді. «Білмейді» демекші, тек Алматының өзінде студент қыздардың бір бөлігі некесіз де жігіттермен бірге пәтер жалдап тұрады. Бұл енді азаматтық некеге де, уақытша некеге де жатпайтын жабайы тұрмыс. Бүгін бар, ертең жоқ неке қазақ ұлтына қасірет әкеледі.
Дін істері комитеті өкілдерінің айтуынша: «Мұндай мәселелер заңсыз некеге тұру және заң органдарында есепке алынбай ажырасу жағдайларынан шығады әрі көбінде дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанған адамдардың арасында кең қолданылады. Мәселен, есепке алынбаған некелер көп жағдайда ата-аналардың келісімінсіз және мешіттен тыс жерде қиылады. Олар белгілі бір уақыттан кейін ешқандай жауапкершіліксіз біржақты тәртіпте бұзылуы да мүмкін. Мұндай заңсыз некелердің себебі, діни сауатсыздық және шариғат нормаларын дұрыс түсінбеуден болады деп есептейміз. Мұндай некеге тұрудан және жауапкершіліксіз әрекеттен көп жағдайда әйелдер зардап шегеді, олар басындағы проблемалармен жалғыз қалады және мемлекеттің өзiне тиесілі әлеуметтік қорғауынсыз қалады.
Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы 2011 жылғы 26 желтоқсандағы №518-ІV Кодексінің 13-бабы неке (ерлі-зайыптылық) некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың тікелей қатысуымен тіркеуші органдарда, не арнайы мемлекеттік неке сарайларында қиылатындығын қарастырған.
Сонымен қатар аталған кодекстің 11-бабы араларында неке қиылуына (ерлі-зайыпты болуына) жол берілмейтін адамдар некелесуге жол берілмейтін жағдай ретінде, олардың біреуі болса да басқа тіркелген некеде (ерлі-зайыптылықта) тұратын адамдардың арасындағы некеге тыйым салынатындығы қарастырылған.
Бұл нормаларды қарастырып отырған себебіміз, соңғы кезде қоғамда «азаматтық неке» деген ұғымды өздеріне тиімді пайдалану үшін немесе өздерінің заңсыз қатынастарын ақтау мақсатында қолданып жүргендер баршылық. «Азаматтық неке» деген ұғым біздің ұлттық нормаларымызда да қарастырылмаған түсінік, сондықтан бұл белгілі бір адамдар санатының өз әрекеттерінің мәнін ашу үшін шарасыздықтан қойылған немесе тағылған атауы.
Егер заң тұрғысынан қарастырсақ, заңды түрде ерлi-зайыпты болып танылмағаннан кейiн азаматтық некедегi ерлер мен әйелдер бiр-бiрiнiң алдында жауапкершiлiк алмайды. Яғни, тіркелген некедегі ерлі-зайыптылар арасында ортақ мүлік, бірін-бірі асырау туралы мәселелер орын алса, аталған қатынасқа үйiрсек келетiндердiң көпшiлiгi қарақан басын күйiттеуден әрi аса алмайды және олар өздерін осылайша, ақтаумен қатар, мұндай әрекеттерін бірнеше «құс ұяда» өмір сүруін «жетістік» деп санайды.
Шындығында, оларда «қашан айырылысып кетемiз?» деген үрей басым болса, бала сүйіп, қуанышын бірге бөлісіп, өздерінің ата-аналық парызын өтеуге де енжарлық танытатыны тағы бар және бұл шындық.
Батыстың емес, бәріміздің ортақ құндылығымыз Құраннан сусындап, ұлттық рухтан нәр алуға тырысқанда ғана Мәңгілік елдің махаббаттан туған ұлағатты ұрпағын көбейтеміз. Ұлттық байлықтың бірі де бірегейі осы.
Т. Қорғасбеков.
Үлкенағаш мешітінің имамы.