Абай және дін

     Абай Құнанбайұлы қазақ халқының кемеңгер-данышпаны, ойшыл ақыны. Абай өз дәуірінде соқтықпалы соқпақсыз жерде жүріп, ұлт болашағын, ұрпақ қамын ойлап, артына өлмейтін сөз, өшпейтін із қалдырып кетті.

     Өзі айтқандай «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», Абай атамыздың асыл сөзі бұл күнде баршамыздың жарқын болашаққа деген бағдаршамымыз.

   Ендеше Абай бабамыздан қалған өсиетке терең мән беріп, ой елегінен өткізіп көрсек. Қашанда жақсылыққа талаптанған жанның ең алдымен еңбекқор болатыны, ол үшін терең ойлап, кең пішетінін Абай атамыз айта келіп, қандай жағдайда да қанағатшыл болуымызды нақтылай айтып, қолыңнан келсе, рақымшылық, яғни, жақсылық жасауға ұмтылуымыз керектігін баса айтып отыр. Және мұндай ізгі қасиеттер адам бойына жас кезінен қалыптасатынын меңзейді. Яғни, Абай әлемін зерделеп, санаға тоқу арқылы дүниенің кілті оқу-білімде екенін, оған жету жолы жас шағыңнан басталатынын білуге болады.     

    Абайдың діни көзқарастары желісін теология ілімінен тартады. Ойшылдың теология ілімі - ғылым, махаббат, әділет деген үш категорияға негізделеді. Сенім – ақыл-ойдың, танымның өнімі. Егер таным таяз болса, иман да әлсіз. Сондықтан хакім Абай 38-қарасөзін: «Ықыласпенен оқып, ұғып алыңыздар, оның үшін махаббатың толады» деп бастап, Алла тағаланың болмысын зерттеуді қолға алады. Ақынның иман туралы танымын екі түрге жүктеуге болады. бірі – якини (ақылмен илану) иман, екіншісі – тақлиди (біреуге еріп илану) иман. Абайдың 12 және 13-қарасөзінде иманның осы екі түрін тілімізде бейімдеп сенушілік және діншілдік деп атайды.  «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде ақын:
     Осы үш сүю болады имани гүл,
     Иманның асылы үш деп сен тахқиқ
                                                          біл.
    Ойлан-дағы үшеуін таратып бақ,
   Басты байла жолына, малың түгіл, - дейді.
    Демек, махаббат пен әділетті сүю «шын иман», «ішкі ғибадат» есебіне жатқызады.
    Ғылым туралы Абай көп айтқан. Кейбірін келтіре кетелік. «Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» (10-сөз). «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр» (38-сөз).«Ғылымның бір аты – ақыл» (сонда). Қысқасы, ғылым (ақыл-ес) - Жаратушының адамға дүниені тануы үшін дарытқан құралы. Оны қолданбау қиянат емес пе.Дін осы екен деп, ой-сананың бәрін тұмылдырықтап-тұмшалап тастау жөн бе.Дін ғылымсыз, өлі догматқа айналса - салдары ауыр.
    Енді Абай дінді адамгершілік тәрбиеге қалай пайдаланды дегенге келейік. Бұл жайында Мұхаң:  «...Абай ислам дінінің үгіт-өсиетін, өте шартты түрде ғана шамалы, шақты жерге ғана керекке жаратты. Ал өзінің шынайы үлкен мүддесі, ислам дінінің шеңберінен әлдеқайда ары асып түсіп, кең жатады», – деп нақтылап айтады. «Өзі үшін ғана еңбектенген адам азап шегеді. Басқалар үшін еңбек еткен адам олардың қуанышына ортақтасады» деген екен немістің абыз ойшылы Гете. «Егер бір харекетті өзім үшін деп бастасаң бір кедергіден екінші кедергіге тап боласың. Ал көптің қамы деп бастасаң, жолың айқара ашылады». Бұл Лев Толстойдың сөзі. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың» дейді Абай. Үш дананың ойлары бір сағада тоғысқанын көреміз.  Абай дін насихатшысы емес, Алланы танытушы, хикметін зерттеуші хакім.
     Махаббат, әділетке келейік. Абай:«..Неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайық деген» (45-сөз) деп дәлел алады. Құдайдың әмір, заңдары көп. Солардың ең ұлығы – мейірім, әділет екенін Абай: «Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан Тәңірінің ісі», - деуімен бекітеді. Осы ақиқатты соңғы өсиет өлеңінде: «Осы үш сүю болады имани гүл» деп діттеп, әр адамның жүрегіне жеткізуге тырысады. Абайдың теологиясы мәңгі көнермейтін, ескірмейтін құндылық.
    Қалай десек те, хакім Абай бойына Тәңірінің нәрі, қуаты құйылғанын түйсіндіре сәйкесінше махаббат қылды. 38-сөзінде: «Құдай тағаланың затына пендесінің ақылы жетпесе, дәл сондай ғашықпын демек те орынсыз. ...Алла тағаланың пендесін махаббат уә мархаматпенен жаратқанын біліп, махаббатына махаббатпен елжіремекті Құдайға ғашық болды дейміз. Олай болғанда хикмет құдаға, пенде өз ақылы жетерлік шамасында білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге хакім деп ат қойған» десе, бұл өзі сезінген, көзі жеткен ақиқат пайым екені сөзсіз.
                                                                                                                                                                Андас  Ершат,
                                                                                                                                             «Алматы облысының дін істері басқармасы» 

                                                                                                                                         ММ «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу   орталығы»КММ инспекторы.                 

Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4846606