Бірлік түбі - береке
- Толығырақ
- Жарияланды 20.07.2018 09:27
- Автор: Super User
- Категория: Иман
- Қаралды: 1998
Қоғамның тыныштығы мен бірлігін сақтау – баршамызға ортақ міндет. Соңғы жылдары дінге қатысты мәселелер өзінің өзектілігімен өткір тақырыптардың біріне айналып, еліміздің қоғамдық өміріндегі күн тәртібінде алдыңғы қатарға шыға бастады.
Бұл бір жағынан, дінге сенушілер қатарының көбеюінен, екінші, діни экстремизм мен терроризм мәселесінің өсе түсуінен байқалады.
Қазіргі таңда елімізде 18 конфессия бар болса, олардың біреуі, яғни ислам дінінің «Ханафи» мазхабы біздің халқымызға жақын болып келеді. Бұл туралы 2011 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының өзінде де «...ханафи бағытындағы ислам діні халыққа мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және басқа азаматтардың діни нанымдарын құрметтеуді ескере отырып негізге алынған» делінген.
Сол 18 конфессия діндарларының 70 пайызы ислам дініне, Аллаға, Құранға, Мұхаммед пайғамбарымызға с.ғ.с. сенеді. Сондықтан ислам дініне сенушілердің өздерін бөлек алып қарайтын болсақ, ішінара ораза ұстайтыны бар, ұстамайтыны бар, намаз оқитыны бар, оқымайтыны бар, қажылыққа барғаны бар, бармағаны бар, дін мен дәстүрді сабақтастырып, мысалға келтірер болсақ жеті нан пісіретіні бар, пісірмейтіні бар, бейітке барушылар, бармайтындар секілді бөліне береді. Ал енді, өзін мұсылманмын деп есептейтін жамағаттың ішінен намаз оқитындарын бір бөліп алып қарап көрелік. Жалпы ислам дінінде «Ханафи», «Ханбали», «Шафиғи», «Малики» деген, әлем ғалымдары мойындаған 4 мазхаб болса, соның ішінде дін мен дәстүрді байланыстырған «Ханафи» мазхабы біздің халқымыз, жалпы түркі тектес халықтар ұстанатын бағыт болып табылады.
Елімізге, халқымызға жат ағымдардың жолына түсіп кетудің астында діни білімнің таяздығы жатыр. Бұл дегеніміз - бұрыс бағытты ұстанып, дәстүрін мойындамай жүрген азаматтарымыз бен азаматшаларымызға шариғат пен салт-дәстүрді байланыстырып тұрған хадистер мен аяттар жетпегендігі немесе діни білімді беріп отырған адам айтпағандығы. Осы ретте айта кететін жағдай білімін шет елдерден ұштағысы келетін адамдарға қазақтың салты мен дәстүрі туралы еш ақпарат берілмейді. Әрине, бұл туралы егжей-тегжейлі өзіміздің жоғары оқу орындарымызда, медреселерде, мешіт жандарынан ашылған курстарда айтылады. Ал, шет елдерінің ғалымдары бұрын соңды қазақ еліне келмеген, қазақы дәстүрлерді көрмеген дін мен дәстүрдің сабақтастығын үйрете алады ма?!
Мәселен, дінге бет бұрғысы келген адам діни ағымдарды жеке мақсатында пайдаланатын азаматтардың үйретуіне түссе, мемлекетке, қоғамқа қарсы қояды. Дінге сенуші жамағат арасында екі жақты ой, түсініспеушіліктер пайда болады. Мұндай фактілер орын алып жатқан соң халық арасында бірлік болады ма?! Намаз оқымаған адамдарды «кәпірге» теңеп, жасаған нәрселерінің барлығын «харам» санап, теріс жолға түскен адамның тыныштығы бұзылып, қоғамда өз орнын таба алмай «хижра» жасаймын деп, Сирия, Ирак мемлекеттеріне қоныс аударып, қарулы қақтығысқа тап болады. Барған соң, қателіктерін кеш түсініп, елге қайта алмай да жатады.
Сондықтан да, кез келген біреудің айтқанына сене бермей, ақпаратты сенімді дерек көздерінен, яғни Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайттарынан, мешіттерден іздеуге немесе діни білімін шыңдаушылар отандық «Нұр Мүбарак» университетінде, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде білім алуға болатындығын жастардың естеріне салғым келеді.
К.Нұрақишев,