Қаралы Үйде қазан асылмасын

Ежелден-ақ  кең байтақ даланы мекен еткен халықпыз. Соған байланысты ұлттық әдет-ғұрып, салт-санамыз аса бай. Әр елдің салты басқа демекші, сол әдет-ғұрып, дәстүріміз еліміздің әр өңірінде әрқалай орындалып жатады. Оған орналасқан мекен-жайдың алыс-жақындығы, ара қатынасы, әлеуметтік ахуал сынды жағдайлар себеп. Тіпті  кей  аймақта өзге ұлт өкілдерінің де әсері айтарлықтай байқалады.

Осы ретте бүгінде ортақ шешімін таппай келе жатқан ғұрыптарымыздың бірі –марқұмды жерлеу рәсімі жөнінде сөз қозғауды жөн деп отырмыз.

     Жалпы қазақ мәйітке құрметпен қарап, тірі кезіндегі өкпе назын,  қарызын  кешіреді.  Сондай-ақ  халқымыз  жерлеу рәсімдеріне  де ерекше көңіл бөлген. Марқұмды соңғы сапарға аттандыру шариғат шеңберінде өтуі керек. Өкінішке орай, бізде қаралы жағдайда дін қағидаттарын орындамақ тұрмақ, оны ойға алмайтын сәттер  де кездеседі. Тіпті, орта жолдан қосылған кейбір салт-дәстүрді дін деп ойлап, онсыз өлікті  жөнелтпейтін болдық. Шариғатты білмей жатып, өзіміздікін дұрыс деп орынсыз жол беретініміз   және  бар.

     Сонымен қатар, бүгінде қазалы үйде  қазан асу  да бұзылмас дәстүрге  айналып  отыр. Ең  өкініштісі,  бұл мәселенің бәсекеге жол  беруі.  Тіпті, тойға  жайылған  дастарқаннан да асып түсетін сәттердің кездесетіні   өкінішті-ақ.  Ол аздай, келген  адамдарға  ақша тарату, жыртыс беру сынды еш негізі жоқ ырымдар да кең етек алып отыр. Егер ой елегінен өткізер болсақ, осының бәрі жақын-жуығынан айырылып отырған үйді тонау емес  пе! Ендеше, ескіден қалған ырым деп онсыз да қара жамылып отырған үйде қазан көтеру - әбестік.   Шынтуайтына  келер болсақ, қазақ қайғыға ортақтасып, жерлеу рәсімін ағайын-туыс, көрші-қолаң болып атқарған. Тіпті, қаралы үйде тек жаназа намазы  оқылып, қазан  көрші  үйлерде  көтерілгені  тарихтан  белгілі. «Қазалы үйде қазан асылмайды» деген сөз де содан қалса керек.

       Осы келеңсіз жәйттарға тосқауыл қою  мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Жаназа пәтуасі» атты кітапша шығарды. Бүгінде  Үлкенағаш            ауылында   бұл жұмыс  өз нәтижесін беріп  те   жатыр.   Жергілікті имамның  араласуымен қазалы үйдегі ысырапшылдыққа тыйым салынып, ол халықтан қолдау тапты. Алайда, бұл ұлан-ғайыр қазақ даласының тек бір аймағында орын алған өзгеріс.

        Кей өңірлерде әлі күнге аста-төк  ысырапшылдық орын алуда. Тіпті  мейрамхана жалдау да қалыпты жағдайға айналып барады. Ең сорақысы, қазалы үйдің қазанын әңгіме ететіндердің кездесетіні. Яғни, сойылған малды әнгімеге айналдырып,әр жерде  айтып жүреді. Ол аздай, дастарқан басында дауыс көтеріп сөйлеу былай тұрсын, көк шәй сұрайтындар да кездеседі. Ащы болса да бұл шындық. Ендеше осы олқылықтың барлығын жойып, шариғат аясында амал етуді үрдіске айналдырайық. Ол үшін қайғыдан қан жұтқан отбасын сабырға шақырып, қолдан келген көмегімізді көрсеткеніміз жөн.

                Осы мәселе жөнінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Кімде-кім қаралы үйден үш күннің ішінде тамақ жесе, мен ол адамнан аулақпын»,- деген  екен. Ендеше, Алла елшісіне (с.ғ.с) жақын боламыз десек, қаралы жағдайға жауапкершілікпен қарап, ысырапшылдыққа жол бермейік, ағайын!  Өйткені дін істерін қиындату Алла жарлығына қайшы.

                Бұған  Сіз  не  дейсіз?


 

 

Күнтізбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4128401