Халық сенімі ұлғая түспек
- Толығырақ
- Жарияланды 05.04.2019 05:03
- Автор: Super User
- Категория: Адам және қоғам
- Қаралды: 1545
05.04.2019ж
Жуырда біздің тілшіміз Бекмұхамет Серікбаев аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Динара Құйқабаевамен жолығып, әңгімелескен еді. Төменде сол сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз
-Динара Бекенқызы, жақында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін ізгілендіру мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайлы пікіріңізді білдіріп өтсеңіз екен.
-Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев былтырғы Жолдауында сотты басы артық жұмыстардан босатудың қоғам үшін маңыздылығын айтқан болатын. Ағымдағы жылдың 21 қаңтарында өзіңіз айтқан заңға қол қойылды.
Соңғы жылдары соттар қарайтын істер еселеп артуы себепті кейде жұмыс сапасының едәуір төмендейтіні шындық. Нәтижесінде судьяның ізденуі мен біліктілігін жетілдірілуіне, өз уақытында демалуына мүмкіндік беруді, негізінен күрделі істерді қарауды сот құзырына қалдыруды, сөйтіп жұмыс сапасын көтеруді мақсат етіп отыр.
-Негізгі сот жүйесін реформалауға тиісті ықпал ететін басты әрі маңызы ерекше заңнамалық өзгерістерді атап көрсетсеңіз.
-Бұдан былай күштеп әкелу және елден шығуға тиым салу санкциялары сот құзыретінде қалады, ал банк шоттарына тиым салуды санкциялау және банк құпиясын қорғайтын ақпаратты талап ету прокуратура органының өкілеттігіне беріліп отыр.
Борышкердің мүлкіне тиым салуды санкциялау алып тасталды. Жоғарғы Сот төрағасы Ж.Асановтың пікірінше бұл нормалар санкциялар бойынша сот жүктемесін кемінде 9 есе азайтады деп болжанып отыр. Бұйрық арқылы іс жүргізудің 19 талабының 9-ы нотариатқа, 10-ы бұйрықтық іс жүргізуге беріліп отыр.
Сонымен бірге Тұңғыш Елбасымыздың бастамасымен енгізілген сот жүйесін жаңғырту бойынша екі заң жобасы мақұлданды. Бұл заңдардың ең басты мақсаты-судьялық кадрлар сапасын жақсарту болып табылатынын ерекше атап өтер едім. Жалпы алғанда сот жүйесін түбегейлі жаңғырту мақсатында Жоғарғы Сот жуырда 11 заң жобасын әзірлеп, олардың бәрінің де биылғы бірінші жарты жылдықта қабылдануына ерекше ден қойды.
-Қолданыстағы қаншама заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр?
- Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің жалпы және ерекше бөлімдеріне, жер, неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы, кәсіпкерлік, салық, азаматтық процесстік және әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстерге тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізілгені бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды, облыстық және Жоғарғы соттарда талқыланды.
Заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп отыру заманның талабы мен халықтың сұранысына қарай қабылдануы себепті мемлекетіміз бен халқымыздың игілігіне қызмет ететіні сөзсіз.
-Меншік құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістердің маңызы зор болғандықтан сол мәселеге де тоқталып өтсеңіз.
-Әрбіріміздің меншік құқығымызда түрлі мүліктеріміз бар.Мысалы, банктен ашқан ашқан шоттарыңызға және оларды ашқан кезде қарыз бергені үшін қос комиссияларды және ипотекалық қарыздар бойынша 180 күн өткен соң есептелген сыйақыны алуға тиым салу көзделіп отыр. Салық және «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстерде және «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңда алименттік төлемдер үшін арнайы шоттарға тиым салу белгіленген. Ал, Жер Кодексінде мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қою кезінде тең құнды өтеуді қамтамасыз ету қарастырылған. Алып қойылатын учаскенің құны кадастрлық баға немесе азаматтар құқықтық шартта немесе сот шешімінде көзделген құн бойынша анықталатын болады. Одан басқа мәжбүрлеп алып қою мәселесі рәсімдік түрде реттеліп отыр. Меншік құқығын қорғау тетіктерінің бұлайша жетілдірілуі халыққа қаржылай түрде тиімді болмақ.
-Нотариустың атқарушылық жазбасына қысқаша түсінік беріп өтсеңіз.
-Қарапайым тілмен айтқанда, атқарушылық жазба дегеніміз-сот орындаушыға орындауға ұсынылатын атқарушылық құжат. Атқарушылық жазбаны жасау рәсімін, нотариаттық актіге атқарушылық күш беру мүмкіндігін қамтамасыз ету сот орындаушысының жұмыс тиімділігін арттырып, орындалатын істердің көбеюіне өндіріп алушының заңды құқықтары мен мүдделерін сенімді қорғауға, яғни әлеуметтік мәселенің оңды шешілуіне мүмкіндік береді. Бұл ұстаным мәжбүрлеп орындату рәсімін де жеңілдетуі тиіс.
-Динара Бекенқызы, заңнамалық өзгерістердің сот саласын одан әрі реформалауға тигізетін ықпалы туралы айтсаңыз.
-Соңғы заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар соттарды басы артық жүктемелерден арылтып, судьялардың тек күрделі істер мен дауларды қарауына, сөйтіп сот жүйесі жұмысының сапасын көтеруге, қоғамның құқықтық негізін одан әрі нығайтуға, азаматтарымыздың конституциялық, азаматтық және өзгедей құқықтарының жан-жақты әрі сенімді қорғалуына, сөйтіп халықтың сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді деп есептеймін.
- Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Б.СЕРІКБАЕВ,
Қазақстанның Заңгерлер және
Журналистер Одағының мүшесі.