Қордайдағы қақтығыс: айыптылар анықталуда, жағдай бақылауда

19.02.2020ж

Жұма күні кешқұрым Жамбыл облысының Қордай ауданы Масаншы ауылы тұрғындарының арасында топтық төбелес орын алды. Полицияның күшімен ауылдағы төбелес тоқтатылып, жағдай бақылауға алынды.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, облыстық Тергеу басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 293-бабы, яғни бұзақылық бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады, деп хабарлайды « Jetisu Media» ақпараттық алаңы egemen.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша назар аударып, өзінің Twitter-дегі парақшасында «Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады», деп жазған болатын. Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы қақтығыс кезінде қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, Үкімет комиссиясын құруды тапсырғанын, комиссия болған оқиғаның себебін анықтайтынын жеткізді. «Бейбітшілік пен қоғамдық келісім – біздің мемлекетіміздің берік негізі. Халқымыз қиын-қыстау замандарда өзінің біртұтастығын сақтап қалған. Сондықтан біз кейбір азаматтарға, соның ішінде арандатушыларға еліміздің басты құндылығын – ынтымақ-бірлігімізді бұзуға жол бермейміз. Бұл еліміздегі барша азаматтарға ортақ тілек деп санаймын. Азаматтарды жалған қауесеттерге бой алдырмауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысында құқық қорғау органдарына көмек беруге шақырамын. Мемлекеттік органдар туындаған мәселелерді шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды», деді Президент.

  Қазіргі кезде қақтығысты бастаушылар мен қатысушылар анықталу үстінде. Жамбыл облысының полиция департаменті азаматтардан тек ресми ақпаратқа ғана сенуді, қауасеттер мен түрлі жалған ақпараттарды таратпауды сұрап отыр.  Қордай ауданында орын алған қайғылы жағдай бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылды. Ал, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған жергілікті тиісті басшылардың бәрі де бүгінде оқиға орнында. Қазіргі кезде өңірде жағдай тұрақты. Жанжалдың қандай жағдайдан шыққаны, оны кімдердің бастағаны анықталуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жамбыл облысының әкімдігі Үкіметтік комиссиямен бірлесіп, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастырады.

 

 

Күнтізбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4138423