Ерікті болу - ерлік

20.03.2020ж

Биылғы жылы еріктілер қозғалысының дамуына қолдау көрсету мақсатында елімізде Президент Жарлығымен «Еріктілер жылы» деп жарияланды. Былтырғы жыл «Жастар жылы» болса, биыл Еріктілер жылы жастар жылының лайықты жалғасы болмақ.


Ерікті - бұл мұқтаж жандарға көмек көрсететін қайырымды жандар. Олар өздерінің күш жігерімен, қолынан келетін ісімен мұқтаж жандарға ақысыз көмек көрсете алады, қайырымдылық жасайды. Ерте заманнан бері өзгелерге көмектесу – қазақ халқының мәдениетінің ерекшелігі, ата бабаларымыздың бойында бар қасиет десек артық айтпаспыз. Себебі қазақ халқының талай қиын замандарда өзгеге қол ұшын созып, көмек көрсеткені тарихқа мәлім. Негізінде еріктілік қызметтің аясы өте кең: әлеуметтік, спорттық, шаралық, экологиялық, медициналық және тағы басқалары. Бұдан өзге, қайырымдылық шараларын өткізу, қоршаған ортамызды көгалдандыру, ағаш егу, табиғатымызға бей-жай қарамау, салауатты өмір салтын қалыптастыру сияқты іс-шараларға қатысу еріктілер қызметіне жатады.
Еріктілік - жастардың өз белсенділіктерін көрсетіп қана қоймай, адамдарға көмек беріп, тәжірибе жинауға, өмірлік маңызды дағдыларды дамытып, әлемді жаңа қырынан көруге мүмкіндік беретін бірден-бір сала. Сондықтан, уақытты еріктілікке жұмсау – тұлғалық дамуға да септілігін тигізері сөзсіз.
Еріктілер жылы аясында еліміздің мемлекеттік қызметшілері арасында да игі істер уақыты бастамасы бастау алды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Анар Жайылғанова «Осы жылды тек қана еріктілер жылы емес, игі істер уақыты деп санаймыз. Егер де біз барлығымыз атсалыссақ, біз үлкен күшпіз және үлкен жетістіктерге жетеміз» - деп барлық мемлекеттік қызметшілерді игі істер атқаруға шақырды.
Алғашқылардың бірі болып, мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қызметкерлері толассыз жауған қардан кейін қала тұрғындарына саябақ аумағында кедергісіз өтуге мүмкіндік беретін барлық алаңдарды қардан тазалады. Сонымен қатар, жеке секторларда тұратын жалғызбасты қарт адамдарға қардан аулаларын тазалауға көмектесті.
Осы игі шара жалғасын Агенттіктің облыстардағы бөлімшелеріндегі қызметкерлер арасында тауып, Алматы облысының мемлекеттік қызметшілері де Талдықорған қаласында тұратын қарт адамдардың ауласын тазалауға көмектесті.
Бұдан басқа, Еріктілер жылы аясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті Алматы облыстық жастар саясаты жөніндегі басқармасымен бірлесе отырып, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру үшін іс-шара жоспарлап отыр. Жоба негізінен халықтың қызметтерді үйден шықпай-ақ электронды нұсқада алу үшін, олардың цифрлық сауаттылығын арттыру үшін жастар арасынан еріктілерді жинақтауды көздейді. Еріктілер халықпен жұмыс жасап, олардың қызметтің кез-келген түрін электронды нұсқада алуына көмектесетін болады.
А.Досыбаева,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Алматы облысы
бойынша Департаментінің
бас маманы.

Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4839929