Алматы облысында 27 мыңнан астам жұмыс орны ашылады
- Толығырақ
- Жарияланды 26.03.2020 15:21
- Автор: Super User
- Категория: Адам және қоғам
- Қаралды: 1103
26.03.2020
Алматы облысында 27 мыңнан астам жұмыс орны ашылады."Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 109,2 млрд.теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 27,3 мың жұмыс орнын құрумен 1 240 жоба іске асырылатын болады.
Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен селекторлық режимде өткен кеңесте белгілі болды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 23 наурызда Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында "Жұмыспен қамтудың Жол картасын" жүзеге асыру үшін 1 трлн.теңге бөлуді тапсырған болатын. Оның ішінде Алматы облысына қазынадан 109,2 млрд.теңге бөлінді.
«Коронавирусқа байланысты облыстың көптеген тұрғындары жұмыссыз қалды. Олардың отбасыларына жағдай жасап, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет»,- деді облыс әкімі Амандық Баталов.
Облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың айтуынша, жалпы өңірде "Жұмыспен қамтудың жол картасы" 4 бағыт бойынша жүзеге асырылады.
Бірінші, бұл әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу, қайта жаңарту. Оған облыс аумағындағы, тек білім беру саласындағы 88 ғимаратты жөндеуден өткізу кіреді. Ал 351 мектептегі сыртта орналасқан дәретханаларды жою жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жалпы алғанда алдағы уақытта әлеуметтік-мәдени салада 31,8 млрд. теңгеге 491 жоба іске асырылатын болады.
Екінші, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілеріне ағымдағы, орташа, күрделі жөндеу жасау. Осы бағыт бойынша 79 нысанның екінші тынысын ашып, 5 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланған, аталған шаруаға 20 млрд.теңге қарастырылған.
Үшінші бағыт, бұл инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа, ағымдағы жөндеу өткізу. Мұнда 547 жобаны қалыпқа келтіріп, осы ретте 8 500 мың жұмыс орнын құру көзделген, аталған жұмыстарға 34,2 млрд.теңге бөлу жоспарланған. Төртінші бағыт, елді-мекендерді абаттандыру. Бұл игілікті іске 17 млрд. теңгеге. Бөлінген. Бұдан басқа, ирригациялық желілерді қайта жаңартуға 7 жобаны іске асыруға 6,2 млрд.теңге қарастырылған.
"Жұмыспен қамтудың жол картасы" шеңберінде жобаларды іске асыру кезінде инфрақұрылымдық жобалар іске асырылатын аудандарда, облыс қалаларында
аудандар мен қалалардың әкімдері, жобалардың әкімшілері халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасы бойынша жаңадан құрылатын жұмыс орындарының кемінде 50 пайызын немесе 13 653-ін қамтамасыз етуі қажет. Бұдан басқа, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға көзделген қаражаттың жалпы көлемінің кемінде 90 пайызы көлемінде отандық өндірушілерден тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды, бір ізге салынуы тиіс.
Бұдан басқа, облыс көлемінде жұмыспен қамту мәселелері бойынша жұмыс топтары құрылады, оның құрамына Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен кәсіптік одақтардың аумақтық бірлестіктерінің өкілдері кіреді. Сонымен қатар, бұрын Алматы қаласында жұмыс істеген облыс тұрғындарын жұмысқа орналастыруға ерекше көңіл бөлінетін болады.
- Қабылданған шаралардың нәтижесінде облыста мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылады, жұмыссыздық деңгейі төмендейді және жалпы облыс инфрақұрылымы жақсарады. Бөлінген қаражат есебінен біз жылдар бойы шешілмеген көптеген мәселелерді шеше аламыз. Аудан және қала әкімдері олардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін, халықтың мәселелерін қаншалықты білетіндігін және оларды жедел түрде қалай шешетінін көрсетуі керек. Ол үшін барлық жағдай бар, жалпы нәтиже біздің жеделдік пен жинақтылығымызға тікелей байланысты, - деді А. Баталов.
Аймақтың қазанына түскен қаражаттар қараша халықтың қамы үшін игеріледі деген елбасқарған азаматтардың сөзіне иландық. Жоғарыда аталған шаруалар шашау шықпастан атқарылса Алматы облысының тұрғындарының асығы алшысынан түсті дей беруге болады.
Анар САБЫРОВА