Адамдардың жағдайы түзелсе, мемлекетте нық сеніммен алға жылжиды...
- Толығырақ
- Жарияланды 16.10.2020 04:14
- Автор: Super User
- Категория: Адам және қоғам
- Қаралды: 981
16.10.2020ж
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қандай міндеттерді атқарады? Олардың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Жыл басынан бері неше адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді? Осы және өзге де сұрақтарға байланысты аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлнар Мұқатайқызымен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.
-Гүлнар Мұқатайқызы, алғашқы сұрағымызды аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызмет түрлерінен бастасақ. Жалпы бөлімнің басты міндеті қандай?
-Біздің алға қойған міндетіміз – өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға қолдау көрсетіп, одан шығу жолдарын нұсқау. Осы қиын жағдайдан шығудың шешу жолдарында мамандарымыз еңбек нарығындағы кәсіпорындармен тығыз байланысты сақтай отырып, бос жұмыс орындары туралы деректерді ұдайы өңдеп отырады.
Ерекше мәнге ие – ол жұмыссыз қалып, өздеріне деген сенімін жоғалтқан адамдарға қолдау көрсетіп, қиындықтан шығу және қоғамға қайта бейімделуі үшін «Жұмыспен қамту орталықтары» арқылы қайта даярлау курстары және түрлі гранттар қарастырылған.
Біздің бөлім 6 сектордан тұрады, онда 61 қызметкер жұмыс атқарады, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлердің саны – 11. Бөлім 2020 жылдан бергі 8 ай ішінде мемлекеттік қызмет көрсетудің 12 түрі бойынша азаматтарға 2092 қызмет көрсетті.
-Бөлімде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қандай көмек көрсетіліп жатыр?
-Қазіргі таңда ауданымызда 4357 мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Әрине, олардың тағдыры әртүрлі, дегенмен осындай ортадағы адамдарға қамқорлық көрсету – қоғамның үлкен парызы.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік қорғау саласының бір бағыты, оларды арнаулы әлеуметтік қызметпен қамту болып табылады. Осы орайда үйден әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде 51 әлеуметтік қызметкер 130 мүмкіндігі шектеулі балаға және 125 жалғызбасты қариялар мен І,ІІ топ мүгедектеріне, барлығы 255 мүмкіндігі шектеулі адамға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Сондай-ақ аудан бойынша 1 Инва-такси қызметі жұмыс жасайды. Инва-такси қызметі І топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсетеді. Оларды емханаға және тағы басқа қажетті мекемелерге тегін алып барып келеді.
-Осындай Инва-такси қызметінің ауданымызда жұмыс жасап жатқаны бізді қуантады. Жалпы жыл басынан бері Инва-такси қанша адамға қызмет көрсете алды?
-Ағымдағы жылы аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі 52 азаматқа Инва-такси қызметі көрсетіліп, олардан 1202 тапсырыс қабылданды.
-Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолжетімді орта қалыптастыру үшін не істеу керек?
-Мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергісіз орта қалыптастыру бағытында меншік иесіне қарамастан барлық нысандар кіріп шығуға қолайлы болу үшін, сол нысанның құжаты, паспорты жасақталып қолжетімді болу үшін бейімделуі қажет.
Офистерде, сауда орталықтарында, мәдениет орындарында, мектептерде пандустар талапқа сай болуы тиіс.
Біздің аудан бойынша паспортталуға тиісті жоспар бойынша 152 нысан болса, осылардың барлығының бүгінгі күнге паспорттары жасақталды. Осы нысандардың ішінде бейімделуге тиіс пандус қоюға 29 нысан жатқызылып, олардың барлығы бүгінгі күнге бейімделді.
-Бағанадан бері мүмкіндігі шектеулі адамдарға көрсетіліп жатқан көмектер жайлы айтып жатырмыз. Ал мұқтаж отбасыларға, азаматтарға қандай да бір көмек көрсетіле ме?
-Әрине, біздің бөлімде мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына да әлеуметтік көмек көрсетіледі. Әлеуметтік көмек секторы арқылы көрсетілетін қызметтердің бірі – «Жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау». Осы бойынша биылғы жылы жергілікті өкілді органдардың шешімдерімен 591 адамға ақшалай көмек көрсетілді. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері, тыл ардагерлері, туберкулездің ауыр түрімен ауыратын науқастар, Ауған соғысының ардагерлері және Ауған соғысында қаза болғандардың отбасылары, Чернобыль атом электростанциясы апатының зардаптарын жоюға қатысқандар, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтар бар.
Біздің мекеме арқылы негізгі мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрлерінен басқа қосымша атаулы әлеуметтік көмек төлемдері және кепілдендірілген әлеуметтік топтамалар жүргізіледі.
Өздеріңізге белгілі атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққанда орташа айлық табыс кедейшілік шегінен төмен жеке адамдарға, отбасына мемлекеттік ақшалай нысанды беретін төлем.
Биылғы жылдың басынан аудан бойынша көптеген отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төленді.
-Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты ауданымыздағы еңбек нарығында қандай өзгерістер орын алды?
- ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 15 наурыздағы №285 Жарлығымен елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты төтенше жағдай кезінде қызметінің шектеуіне байланысты кірісінен айырылған адамдарға мемлекет тарапынан ең төменгі бір айлық жалақы 42 500 теңге, сонымен қатар әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларға азық-түлік топтамасы әлеуметтік төлемдер төленді.
-Халықтың әлеуметтік жағдайы түзелу үшін не істеу керек?
-Мемлекет болған жерде халықтың әлжуаз топтары міндетті түрде болады.
Тіпті өте жақсы дамыған елдерде де халық арасында әлеуметтік қызметкердің көмегін қажет ететін топтар өте көп кездеседі.
Сондықтан да, халық арасында көмек қажет ететін адамдар азаймай, ел жағдайы түзелмейді.
Жылдан-жылға еліміздің әлеуметтік жағдайы көтеріліп келеді. Оған мысал ретінде Президентіміздің жыл сайынғы Қазақстан халқына үндеуін айтуға болады. Өкімет басшысы өз жолдауында биыл әлеуметтік жағдайларға көп көңіл бөлген.
Адамдардың жағдайы түзелсе, мемлекет те нық сеніммен алға жылжиды.
Сондықтанда, ең бірінші халықтың әлеуметтік жағдайы түзелу керек деп ойлаймын.
-Сұхбатыңызға рахмет!