Алматы облысында жалпыға бірдей декларациялау басталады

25.11.2021ж

Салық заңнамасына сәйкес, жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау міндетті. Аталған бағыттағы жұмыс 4 кезеңге  жоспарланған. Жалпы алғанда бұл жұмыстар 2021 жылдың  1 қаңтарынан, 2025 жылдың басына дейін жалғасын табатын болады.

Бұл туралы «Jetisy Media»ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшасы Руслан Ахметжанов баяндады.

 Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғалар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілгендер мен олардың жұбайлары сондай-ақ,  Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңына және Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» заңына сәйкес ұсыну міндеті жүктелген тұлғалар декларациядан өтеді.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны  қағаз түрінде табыс ету мерзімі 2021 жылдың 15 шілдеге дейін болса, электрондық түрде үстіміздегі жылдың 15 қыркүйегіне дейін деп белгіленген. Айта кету керек, жеке тұлғалар декларацияны тұрғылықты жері бойынша тапсырады.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны «Салық төлеушінің кабинеті» мемлекеттік кірістер комитетінің web-порталы арқылы (cabinet.salyk.kz), «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz), сондай-ақ eSalyq Аzamat және eGov mobile мобильді қосымшалары арқылы электрондық түрде табыс етіледі. Қағаз түрінде –мемлекеттік кіріс органдарына келу тәртібімен не тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберіледі.

«2021 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырғаннан кейін жалпыға бірдей декларациялаудың 1-кезеңіне кіретін адамдарда 2022 жылдан бастап жыл сайын кірістер мен мүлік туралы Декларацияны (270.00-нысан) ұсыну бойынша міндеттеме пайда болады. Жеке тұлғалардың кірістері мен мүліктері туралы жалпыға бірдей декларациялау туралы толық ақпаратты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында (kgd.gov.kz) «Жалпы декларация» бөлімінде алуға болады»,-дейді Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшасы Руслан Ахметжанов.

 

 

 

Күнтізбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4138544