Дүниеқоңыздық - жемқорлыққа бастайтын жол
- Толығырақ
- Жарияланды 05.03.2021 05:26
- Автор: Super User
- Категория: Адам және қоғам
- Қаралды: 894
05.03.2021ж
Қазіргі қоғамдық даму кезеңінде мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтып, қауіпсіздік бағытындағы іс-қызметті жетілдіре түсу ерекше маңызға ие болды. Бұл орайда Қазақстан Республикасы үшін сыбайластық жемқорлық барған сайын қауіпті сипат алды.
Шенеуніктердің дүрілдетіп той өткізетіні, қара халықтың ой-пікіріне, ұсыныстары мен өтініштеріне көңіл бөлмейтіндігі жайлы ақпарат құралдары үзбей жазып келеді. Жершілдік, жекжатқа бүйрегі бұру, командалық әдістемемен ел-жұртты билеу тәсілдері өткір сынға іліккенімен тойынып, жонданып алған жемқорлар бой беретін емес.
Соған орай, Мемлекет басшысы келешекте жемқорлыққа аяушылық болмайтынын Үкіметтің кеңейтілген отырысында қадап айтты.
Жалпы қайсыбір қоғамда болмасын жемқорлық пен сыбайластықтың әртүрлі көріністе кездесетінін байқаймыз. Ешкім де пара бергісі немесе алғысы келмейді. Адам баласы таза, пәк, шынайы сезімнің иесі қалпында дүниені алшақ басып өткісі-ақ келеді. Десек те, әртүрлі өмірлік-тұрмыстық, болмыстық жағдайлар пендені сыбайластыққа итермелейді. Орыстың тамаша жазушысы Куприннің «Олеся» повесінде бас кейіпкер сүйіктісінің лашығын бұздырмау үшін урядникке (учаскелік полиция тәрізді) қосауыз мылтығын, екі бөтелке күшті арағын сыйлайды. Сондағы урядниктің бәлсінетіні әрі қымбат бұйымды алғысы келіп, қызығатыны, сондай табиғи суреттеледі. Ақыры, ол қымбат бұйымды сыйға алады да, Олеся мен әжесін біраз уақыт тыныштықта қалдырады.
-Мұны не деп айтамыз? Олесяны, оның бақсы кемпір-әжесінің табиғи, кіршіксіз таза өмірін сақтау үшін кейіпкердің осындай әрекетке барғанына риясыз көңілмен разы боласыз. Қалай болғанда қосауызын урядникке сыйға тартып, аз-кем күн сүйіктісіне бейғам, уайымсыз тіршілік сыйлағаны үшін кейіпкерді кінәлағым келмейді. Оның амалсыздан тоңмойын, топас, сасық аузынан боқтық сөз шұбыра жөнелетін урядникті икемге келтіргені, онымен тіл табыса білуі де ерлік секілді елестейді көз алдымызға.
Сыбайлас жемқорлықтың түпкі негізі еліміздің тінімізде (ген) кездесе ме деп ойлаймын. Бұл енді таным мен нанымға, адамның өмірлік көзқарасына, тәрбиесіне байланысты жайт. Адамның жаратылысында ізеттілік пен қанағат сезімі және ашкөздік қатар орын тепкен. Мұның өзі осы қарама-қарсы көзқарастың қайсысы жедел дамып, өркендеуіне байланысты болады. Жас күнінен тәрбиелі, ізетті, азды-көпті қанағат тұтып, биік адамгершілік идеяны алдына мақсат етіп қойған жандар әрине, дүниеқоңыздық психологиядан аулақтау тұрады. Ал, енді ашкөздік, тойымсыздық «молынан қарпып қалуды мақсат еткен психология» әрине, сыбайластық кәсіпке, жемқорлықсыз кәсіпке бейімдеу келеді.
Сыбайластық пен жемқорлық мәселелері жөнінде жазушылар әр уақытта өздерінше көңіл бөліп, пәлсапалық ой түйіндегенін байқаймыз. Халық айтады: «Өзі тойса да көзі тоймайды» деп. Міне, ашқарақ, тойымсыз, молынан қарпып қалатын, қазіргі біздің өркениетті қоғамымыздың мазасын алған масылдық психологияның дәлме-дәл образын халқымыз осылай бейнелеген ғой. Ал, енді XIX ғасырдағы ұлы суреткер Л.Толстойдың «Адамға қанша жер керек?» деген тамаша әңгімесі де пенденің түбіне көзтоймаушылық пен ашқарақтықтың жететінін тамаша суреттейді. Қожайыны күні бойы қанша жерді аралап белгілесең, сол жер сенікі болады»-дегенге нанып, тоқтаусыз жүреді. Ақыры зорығып өліп, екі-ақ шаршы жер бұйырады ғой бейбаққа.
Бағдат Айтмұқаева,
«Жаркент өңірі» газетінің директор-бас редакторы,
Панфилов аудандық мәслихатының депутаты.