Автокөлікті өрттен сақтайық
- Толығырақ
- Жарияланды 16.03.2021 09:55
- Автор: Super User
- Категория: Адам және қоғам
- Қаралды: 942
15.03.2021ж
Бүгінде автокөліксіз жол қатынасын елестету мүмкін емес. Бұл бізге үйреншікті жағдай болып көрінгенімен, уақытпен жарысып зырлап бара жатқан автокөлік ішіндегі жолаушы мен жүргізуші өмірінің қауіпсіздігін сақтайтын шараларды әр уақыт есте сақтай бермейміз. Автокөлікте көп болатын оқыс оқиғалардың бірі - автокөлікте өрт шығуы, бұл өте тез де қауіпті өтетін құбылыс.
Автокөліктегі өртті бастапқы кезеңде өшірмесе автомобиль орта есеппен алғанда 5-10 минутта түгелдей жанып кетеді. Өрттен сақтану барысында барлық автокөліктердің кабинасында сиымдылығы 2 литрден кем емес ұнтақты немесе көмір қышқылды өрт сөндіргіштері болуы және жүргізушіден қашық емес, оңай алынатын жерге орналастыруы керек. Жалпы автокөліктегі жолаушылардың өмірінің қауіпсіздігі жүргізушінің қолында екені бәрімізге белгілі жайт. Автокөлікте өрт болған жағдайда жүргізушінің төмендегідей ережелерді есте сақтағаны маңызды. Бастысы үрейге бой алдырмай, от алдыру жүйесін айырып, көлікті жол жиегіне тоқтатып, жапа шегушілерді немесе басқа да жолаушыларды қауіпсіз қашық жерге шығаруы керек. Капотты ашып аккумулятор батареясының желілерін айыру қажет, жану-жағар май төгілген жағдайда ұнтақты өрт сөндіргіштерді пайдаланған дұрыс.
Өрт сөндіргіш жоқ болып немесе жұмыс жасамай қалған жағдайда, тығыз мата бұйымдарын отты өшіруге пайдалануға болады. Егер өртті өшіретін ешқандай құрал болмаса, уақыт өткізбей автокөліктен қашықтау жерге кетіп, өрт сөндіру бөліміне 101 телефоны арқылы хабар бергеніңіз дұрыс. Себебі, күшейіп кеткен өрттен әр уақытта көлікте жарылыс болатынын есте сақтау керек.
Панфилов ауданының ТЖБ аға инженері
азаматтық қорғау капитаны Ж.Қадырбеков