Парызын өте, Отанның!
- Толығырақ
- Жарияланды 18.04.2022 11:08
- Автор: Super User
- Категория: Адам және қоғам
- Қаралды: 853
18.04.2022
«Көктем-2022»
«...Парызын өте, Отанның!»
ҰҚК Шекара қызметінің Техниканы және қару-жарақтарды жөндеу басқармасында әскер қатарына шақырылушылардың Ант қабылдау рәсімі өтті. Бүгінгі рәсімнің ерекшелігі сол, «Көктем-2022» шақырылымының шарасына жас сарбаздардың ата-ана, туғандары мен достары қатысып, қуаныштарымен бөлісті.
Бұл – пандемияның беті қайтып, карантиндік шектеулер алынғаннан кейінгі бірінші өткізіліп отырған дәстүрлі шара. Сондықтан, Ант беру секілді ұлдарының өмірінде бір-ақ рет болатын атаулы мерекеге қатысу үшін алыстан ат арылтып жеткен ата-аналардың жүздерінен өлшеусіз қуаныш пен ерекше толқынысты байқамай мүмкін емес еді...
Подполковник Е.Қырғызбаевтың бұйрығымен ашылған салтанатты шараға 80-нен астам сарбаз сап түзеді. Аталған басқарманың кәсіби-техникалық және дайындық бөлімінде әскери өмірдің алғашқы әліппесімен танысып, санаулы уақыттың ішінде өздерінің саптық дайындықтарын шыңдаған Отан оғландарын алда жас жауынгерлер курсы күтіп тұр. Әрі қарай, ел шебіне аттанып, ҰҚК Шекара қызметінің шекара бөлімшелерінде алған мамандықтары бойынша қызмет атқаратын болады. Мұнда дизельші-электрик, автодәнекерлеушілер даярланады.
Еліміздің Әнұранымен ашылған салтанатты шараға әскери ұжымның Туы әкелінген соң Техниканы және қару-жарақтарды жөндеу басқармасының бастығы подполковник Ернат Қырғызбаев сап түзеген сарбаздарды бүгінгі төл мерекелерімен құттықтап, шекара мен ел шебінің еліміз үшін алар маңызына кең тоқталды.
Бұдан кейін болашақ шекарашылардың Отанына ант беру рәсімі де басталды.
Ант қабылдау рәсімінің соңы жиынға ұласып, алғашқы сөз кезегі ҰҚК Шекара қызметінің ардагері, бір кездері аталған басқарманы басқарған запастағы полковник Әлихан Артықбаевқа берілді. Саналы ғұмырын ел шебінің сызатсыздығына арнаған сардар шекараны қорғағалы тұрған жас буынның қадамына сәттілік тіледі. Мұнан кейін ата-аналар атынан сөз алған Орынтай Оспанова бүгін өзінің немересі Әлиханның да сарбаз атанғанын, шекарашы болуға өзі тілек білдіргенін мақтанышпен айтып, Отан қорғауға ант берушілерге аналық батасын берді.
Жиын соңында ата-аналар басқарма басшылығымен кездесіп, өздерін толғантқан сауалдардың жауабын алды.
Осылайша, араға екі жыл салып, өзінің дәстүрлі форматына қайта оралған рәсім – «Көктем-2022» шақырылымы үшін есте ерекше қаларлықтай өтті. Өйткені, Ант қабылдау – жас сарбаздардың ер-азамат атанып, Отан оғландарының қатарын толықтырғанын білдіреді.
Т. ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің подполковнигі.