Шекара сендерді күтеді

17.05.2022


Ағымдағы жылдың 15 мамырында ҰҚК Шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаментінің шекара басқармаларында «Көктем-2022» шақырылымының жас сарбаздары Әскери Ант қабылдады.

Тоқталар болсақ, полковник А.Каюпов басқаратын Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Райымбек, Алакөл ауданы бойынша шекара басқармаларының Әскери Ант қабылдау рәсіміне сарбаздардың ата-ана, туғандары мен достары қатысып, болашақ шекарашылардың төл қуаныштарымен бөлісті.

... «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек...» демекші, екі жылға созылған індеттің беті қайтып, осыған дейін өткізуге тиым салынған шараға қатысуға мүмкіндік алған халықтың санында есеп болған жоқ. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген қалың жұртшылық үшін әскери басқармалардың қақпасы айқара ашылып, рәсім де басталды.  

Бүгінгі шараға 400-ге жуық сарбаз қатысып, өздерінің Отан алдындағы азаматтық парыздарын өтеуге сөз берді. Мұндайда қазақ атам: «Ердің екі сөйлегені – өлгені» демеуші ме еді. Сондықтан, жүздерінде толқу, жүректерін шаттық кернеген сарбаздарды аталған шекара басқармасы бастығының орынбасары – кәсіптік-техникалық және даярлық  бөлімінің бастығы подполковник Бауыржан Керкембаев шабыттана оқыған Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» атты патриотық рухтағы өлеңі жас сарбаздардың жігерлерін одан сайын жанып, намыстарын қамшылай түскендей болды...

Рәсімге қалың жұртшылықпен бірге Шекара қызметінің «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалының төрағасы запастағы полковник А.Дубов бастаған шекарашы ардагерлер қатысып, жас шекарашыларды айтулы меркелерімен құттықтап, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі. «Сендердің ел шебіндегі мінсіз қызметтерің – біздің тыныштығымыздың кепілі», деген сардар шекара шебінде іздері сайрап жатқан шекарашы ардагерлер атынан кәсіптік-техникалық және даярлық  бөліміне рухани жағынан аса бағалы сыйлықтарды табыс етті.

Сондай-ақ, сарбаздардың ант қабылдау рәсімінен кейін өткен жиында ата-аналар атынан сөз алған Айымбүбі Тайбағарованың мінберден саңқылдап шыққан үні орталық алаңда сап түзеген сарбаз ұлдарына қарағыштаған қалың жұртшылықты елең еткізген... Өйткені, отты сөздер еді, жас жүректерді бұлқынтып, ата-әже, әке-ана, достар мен құрбылардың айтар ойларын дөп басқан.

«...Кеудесінде намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар нағыз азамат екендеріңді алдағы бір жылдың ішінде дәлелдеп, біздің үмітімізді ақтаңдар! Ерлік білекте емес, жүректе! Жүректерің – Отаным деп соқсын. Біз сендерге сенеміз, құлындарым!..» деп кеудесіндегі жалын сөздермен көпшілікті тәнті еткен Айымбүбі апаймен біз де жиын соңында кездесіп, сұхбаттасқанша асықтық. Сөйтсек, А.Тайбағарова да осал жан болмай шықты. Еліміздің өскелең ұрпақтарын тәрбиелеп келе жатқан ұстаз екен, өзі ұлы Абай Абылқасым мен шәкірті Саят Саясаттың төл мерекесіне ортақтасу үшін Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданынан келіпті.  

... Бұл кезде Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасында өтіп жатқан Әскери Ант қабылдау рәсіміне 400-ден астам сарбаз қатысты. Шараға ата-аналармен бірге жергілікті билік өкілдері, Қарулы Күштердің аталған шекара басқармасына көрші орналасқан әскери бөлімдерінің басшылары, шекарашы ардагерлер арнайы шақырту алған. Сондай-ақ, бүгінгі шараның есте қаларлықтай өтуіне аудандағы №3 орта мектебінің жоғары сынып оқушылары аз үлес қосқан жоқ. Қабанбай елді мекенінен келген жас ұландар халықтың назарына қарудан дефиле көрсетілімін ұсынды. Жиын жас сарбаздар орындаған «Біз - шекарада» әнімен аяқталды. Шекарашы сарбаздар шабыттана орындаған патриоттық ән бүгінде ҰҚК Шекара қызметінің гимне айналып үлгерген.   

Иә, ерлікте білекте емес, жүректе! Жүрегі Отан деп соққан шекарашы тұрғанда еліміздің шекарасы тыныш.

Майор Хандияр ӘДІЛ.

ҰҚК Шекара қызметінің

Алматы облысы бойынша департаменті.

 

Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4839325