Жетісу облысында 20 мыңнан астам баланы мектепке дайындауға көмек беріледі
- Толығырақ
- Жарияланды 09.08.2023 10:52
- Автор: Super User
- Категория: Адам және қоғам
- Қаралды: 471
2023-08-09
Жетісу облысында «Мектепке жол» акциясы аясында 22 мың оқушыға бюджеттен біржолғы қаржылай көмек беріледі. 15 мың баланы демеушілер көмегімен киіндіру жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл барлық бастауыш сынып шәкірттері ыстық тамақпен қамтылмақ. Жаңа оқу жылына дайындық туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпараттық алаңында өткен пресс-конференцияда облыстық Білім басқарамасының басшысы Марат Сүлейменов, Білім басқармасы бөлімінің әдіскері Гүлмира Ахметова және облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Ғалия Мұхметова мәлімдеді.
«Облыста 1-4 сыныпта 52 мың оқушы оқиды. 339 мектептің ішінде 258 мектепте ыстық тамақ ұйымдастырылды. Оның ішінде жалпыға міндетті білім беру қорынан 10 721 бастауыш сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр. Биыл аймақтағы барлық бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту үшін жергілікті бюджеттен 2023 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларына 1,7 млрд. теңге қарастырылды», - деді Марат Бекбосынұлы.
Облыста 339 мемлекеттік жалпы білім беретін ұйым бар, оның ішінде бастауыш мектеп – 35, негізгі мектеп – 36, орта мектеп – 268. Межелі күрделі және ағымдағы құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Сондай-ақ, 2022-2023 оқу жылын 6545 түлек аяқтады. Бітіруші түлектердің 5170-і Ұлттық біріңғай тест тапсырды.
«Жетісу облысының әкімі түлектерге 100 грант тағайындады. Оның 60-ы әлеуметтік әлжуаз санаттан шыққан түлектерге, 40-ы жалпы конкурс бойынша бөлінеді. Басымдылыққа әдеттегілей білім, медицина, ауыл шаруашылығы мен техникалық мамандықтар ие. Қазір грантқа өтініштер қабылданып жатыр. Тамыздың 19-да қорытындысы жарияланады», - деді Гүлмира Тойғанбекқызы.
Облыс бойынша кадр тапшылығы бар 157 орын бос тұр. Негізінен математика, орыс тілі мен әдебиеті, физика, химия пәнінің мұғалімдері қажет.
«Педагог кадрларға қажеттілік мәселесін шешу мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттары тағайындалуда. 2022-2023 оқу жылының барысында облыстың білім беру мекемелеріне колледж және ЖОО түлектері қатарынан 308 жас маман жұмысқа орналасты.
2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен бөлінген білім беру гранттары аясында оқуын аяқтайтын 202 түлекті жаңа 2023-2024 оқу жылында жұмысқа орналастыру күтілуде. оның ішінде бастауыш сынып мұғалімі – 14, математика – 18, шет тілі – 35, химия – 5, физика – 2, орыс тілі – 1», – деп қорытындылады Ғалия Жолтайқызы.