КИБерқауіпсіздік – уақыт талабы
- Толығырақ
- Жарияланды 26.04.2024 11:29
- Автор: Super User
- Категория: Адам және қоғам
- Қаралды: 229
2024-04-26
Цифрлық әлемде желідегі қауіпсіздік бірінші орында тұрады. Киберқауіпсіздік дегеніміз – компьютерлік жүйелерді, деректерді, бағдарламалық жасақтарды және адамдарды киберқауіптер мен киберқылмыстардан қорғауға бағытталған технологиялар, үдерістер мен тәжірибелердің жиынтығы.
Қазіргі таңда бұлтты технология, заттар интернеті (ІоТ), жасанды интелект (АІ) және мобильді құрылғылар сияқты заманауи технологиялар даму мүмкіндіктерін арттырып қана қоймай, киберқауіптерге де жол ашып отыр. Соның салдарынан хакерлер, вирустар мен фишингтік шабуылдар, жеке ақпаратты ұрлау және киберқылмыстың басқа да түрлері жеке пайдаланушыларға да, ірі корпорацияларға да қауіп төндіріп жатыр. Әлем елдері киберқылмыстың алдын алу үшін көптеген тәсіл қолданады. АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Аустралия, Қытай, Германия, Израиль, Эстония секілді мемлекеттер ұлттық киберқауіпсіздік стратегияларын әзірлеп, халықаралық ұйымдармен киберқауіптер туралы ақпарат алмасу және шабуылдардың алдын алу бойынша бірлескен келіссөздер жүргізу арқылы ынтымақтастық орнатқан. Қауіп-қатерлерді ұдайы бақылауда ұстау мақсатында арнайы орталықтар жұмыс істейді. Сондай-ақ білікті мамандарды даярлау және азаматтарды ақпараттандыру үшін киберқауіпсіздік бойынша білім беру бағдарламаларын қарастырған.
Біздің елде де басқа мемлекеттер секілді киберқауіпсіздік саласында түрлі деңгейде көптеген іс-шара іске асырылып жатыр. Ұлттық киберқауіпсіздік стратегиясы қылмыстың алдын алып, азаматтардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, орталық мониторинг әрі талдау жүргізеді, мемлекеттік органдармен және маңызды ақпараттық инфрақұрылыммен бірігіп қызмет атқарады. Әлеуметтік желіде ақпараттық науқандар ұйымдастырып, халықты желі алаяқтарының арбауына түсіп қалмауға шақырады. Дегенмен қулығына құрық бойламайтын алаяқтар талай адамды алдап, сан соқтырып кетіп жатыр. Ұлттық статистика бюросының биылғы қыркүйек айындағы дерегі бойын-ша интернет-алаяқтардың кесірінен келтірілген залал мөлшері 2 млрд 600 млн теңгеден асып кеткен. 3 600-ден астам алаяқтық фактісі тіркелген. Ал бұл көрсеткіш республика аумағында 13 700 фактіден асады. Алаяқтардың арбауына түскендердің бәрі бірдей құқық қорғау органдарына жүгіне бермейтінін ескерсек, бұл цифрлар әлдеқайда көп болуы да ықтимал.
Киберқылмыстың алдын алу үшін қайтпек керек? Өзіңізді және ақпаратыңызды киберқауіптерден қорғау үшін бірнеше негізгі қадамды орын-дауға болады: операциялық жүйелерді, браузерді және басқа да бағдарламаларды үнемі жаңартып отырыңыз. Құпия сөздеріңізді ойластырарда әріптер мен сандарды, күрделі таңбаларды қамтыңыз. Екі факторлы аутентификацияны қолданыңыз. Бейтаныс хат жіберушілердің электронды пошталарынан келген хабарламаларды мұқият оқып, жауап бермеуге тырысыңыз. Зиянды бағдарламаларға қарсы антивирустық жасақтаманы орнатыңыз. Сыртқы медиада немесе «бұлтта» маңызды деректердің сақтық көшірмесін жасап, қорғау үшін шифрлау¬ды қолданыңыз. Әлеуметтік желілерде жеке ақпаратты жариялауды шектеңіз. Егер жеке деректеріңізге шабуыл жасалды деп күдіктенсеңіз, міндетті түрде тиісті мамандарға жүгініңіз.
Заман дамып, жаңа технологиялар өрістеген сайын кибершабуылдар да соғұрлым жиілей бермек. Дегенмен қауіпсіздік жүйелерін белсенді түрде жаңарту және арнайы мамандарды даярлау арқылы киберқылмыспен күресе аламыз. Киберқауіптен қорғану – қоғамның бірлескен күш-жігерін талап ететін маңызды міндет
Б. КӨНШІБАЕВ,
Айдарлы ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы.