Энергетикалық қауіпсіздік жайын саралады
- Толығырақ
- Жарияланды 24.09.2024 12:37
- Автор: Super User
- Категория: Адам және қоғам
- Қаралды: 79
2024-09-24
Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі Республикалық халықтық штаб мүшелері Руслан Қожасбаев пен Болат Керімбек Панфилов ауданына қарасты Атамекен ауылының тұрғындарымен кездесті.
✅Жиында штаб мүшелері АЭС салудың артықшылығына, бұл реттегі еліміздің экономикалық мүмкіндіктеріне тоқталды.
Әуелі сөз тізгінін тартқан Руслан Қожасбаев Қазақстан болашақта тек АЭС емес, баламалы энергия көздерін пайдалануға бет бұратынын жеткізді. Айтуынша, әлемде жаңартылатын энергия өндіруді 100 пайыз қолға алған мемлекет жоқ екен. Дамыған елдер энергетикалық мүмкіндігін АЭС-тен көріп отыр. Ал, Қазақстанда жаңартылатын энергияны игеруде өз технологиялық ерекшеліктері бар: олар күннің циклділігі, желдің жиілігі сында жағдайлар. Жыл мезгілдерінің де жағдайы ескерілуі керек. Көп жағдайда бұл жолмен энергия өндіру желдің соғуы мен күннің шығуы және батуына тікелей байланысты.
Қазақстандағы АЭС салу кезіндегі пікірталастың негізгі аспектісі – энергия қауіпсіздігі. Қарсы тарап әдетте атом электр стансыларынан бас тартып жатқан Германияның тәжірибесін алға тартады. Бұл жалғыз һәм дәйекті мысал. Бұл елде жаңартылатын энергия көзін пайдалануды 60 пайызға жеткізді де, АЭС-тен бас тартты. Дейтұрғанмен, көмір жағуды назардан шығарған жоқ. Мәселен, қыс мезгілінде энергия тұтыну көлемі артқан кезде көмір жағатын стансыларын консервациялайды. Сонымен қатар, қазір Германия тапшылық туындағанда көрші елдерден энергия импорттайды. Франция мен Даниядан айтарлықтай көлемде электр энергиясын сатып алады. Жалпы Германия Еуропаның орталығында орналасқан және еуропалық нарықты қалыптастырушы. Осындай жағдайдан соң қажетін сатып ала алады. Ал, Қазақстанның көршілермен ортақ нарығы жоқ. Германия секілді қажетін сатып ала алмайды. Мынаны ұмытпауымыз керек, бізде алдын ала келіссөздерсіз сатып алу жүзеге аспайды. Аса үлкен көлемде қажеттілік туындағанда жарықсыз қалу ықтималдығы жоғары, - деді Руслан Қожасбаев. Ал, Болат Керімбек өз кезегінде көпті алаңдатқан АЭС-ті салатын мердігерлер турасында сөз қозғады.
- Қазіргі таңда 4 мердігер компания бойынша таңдау жүргізіліп жатыр. Олар: қытайлық CNNC, кореялық KHNP, ресейлік «Росатом» және француздық EDF. Жалпы, АЭС – өте күрделі технологиялық нысан. Оны халықаралық алдыңғы қатарлы технологиясы бар компаниямен бірлесіп салу маңызды. Рас, Ресейге салынған санкциялар бұл жоғары технологиялардың тапшылығын туындатып отырғанын мойындаймыз. Бірақ, елімізде АЭС салуға қатысты референдум өткен жоқ, АЭС-ті кім салатыны нақтыланған жоқ. Мемлекет басшысы айтқандай, демократиялық үдеріс көшіндегі елімізде маңызды жоба халық таңдауынан соң жүзеге асады. Ал, АЭС-ті салатын болсақ, халықаралық сарапшылардың, еліміздегі сала мамандарының пікірі ескеріледі. Оның үстіне әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мүдделі МАГАТЭ де қарап қалмасы анық, - деді Болат Керімбек.