Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының 2018 жылдың алғашқы жарты жылдығында (7 ай ішінде) атқарған жұмыстары туралы А. Садықовтың есептік БАЯНДАМАСЫ

Егемендіктің алғашқы күндерінен бастап елімізде жүргізіліп келе жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатының негізгі мақсаты –  мемлекетімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді тетіктері мен институттарын құру болып табылады.

    Бүгінгі таңда елімізде аталған саладағы мәселелерді реттейтін Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы, «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі» және т.б нормативтік құқықтық актілер жұмыс істейді.

   Сонымен қатар, мемлекетіміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттарын одан әрі айқындау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2014 жылғы 26 желтоқсанда Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы бекітілген болатын. Аталған стратегияны басшылыққа ала отырып, 2018 жылдың алғашқы жарты жылдығында (7 ай ішінде) Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасы тарапынан төмендегідей жұмыстар атқарылды.

    1. Арнайы мониторинг тобының жұмысы бойынша

    Бүгінгі таңда өздеріңізге белгілі, үкіметтік емес ұйымдармен және азаматтық қоғаммен тығыз жұмыс жасаудың маңызы зор. Осы тұрғыда Арнайы мониторинг тобы ел арасында мемлекет пен азаматтық қоғамның танымал ынтымақтастығына айналды. Алматы облысы Арнайы мониторинг тобы құрамына «Нұр Отан» партиясының, қоғамдық бірлестіктердің, білім беру саласының, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, Азаматтық Альянстың өкілдері және БАҚ өкілдерімен блогерлер кірді.

    Департамент жанында құрылған облыстық Арнайы мониторинг тобы қысқа мерзімде мемлекет пен халық арасындағы интерактивті көпірге айналды. Атап өтсек, облысымызда қазіргі таңда газдандыру, жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ел арасынан назарға алынған азаматтардың арызын Арнайы мониторинг топ мүшелері «Қоғамдық бақылау» жобасы аясында тіркеп, заңға сәйкес жауаптарын тиісті органдардан талап етуде. Сонымен қатар, Облысымыздың әр аудан және қалаларында Арнайы мониторинг топтары құрылып, 25 арнайы автокөліктермен топ мүшелері 500-ге жуық елді мекенді аралап, жұмыстарын нәтижелі атқаруда.

 2. Оқу орындарында заңсыз қаражат жинау

    Жыл басынан Департамент тарапынан білім саласында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Атап айтсақ, бірнеше жылдан бері халық арасында әлеуметтік шиеленістің өсуіне байланысты, жеке меншік фирмалар тарапынан (оның ішінде «Ustudy») мектеп оқушыларына мәжбүрлі заңсыз түрде өткізіліп жүрген ақылы тестілеу тоқтатылды.

    Облыс бойынша барлық білім беру мекемелері директорларының қатысуымен «Мектептерде ақша жинаудың алдын алу» тақырыбында кездесулер өткізіліп, білім басқармасы тарапынан ақша жинауға тыйым салынды. Сонымен қатар, арнайы мониторинг топ мүшелерімен бірлесіп, бітіруші сыныптардың сынып жетекшілерінің және ата-аналар комитетінің қатысуымен кездесу өтті. Кездесу барысында бітіру кештеріне қаражат жинау заңсыз екендігі айтылып, арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, облыс бойынша мектептерде соңғы қоңырау және мектеп бітіру кештері ата-аналардың артық шығындарысыз қарапайым өткізілді.

  3. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу туралы

   Департаментпен 2018 жылдың I-жарты жылдығында 4 бастамашыл және Агенттіктің тапсырмасы бойынша 6 сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Талдау қорытындылары бойынша 147 тәуекел анықталды. Оның ішінде, сыртқы талдау объектілерінің қызметіне қатысты нормативтік құқықтық актілерде 62 тәуекел, ал ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінде 85 тәуекел анықталды. Бүгінгі таңда аталған тәуекелдердің 135-і жойылды. Сыртқы талдау өткізу ережесіне сәйкес, анықталған тәуекелдер 6 ай ішінде орындалуы қажет болғандықтан, қалған тәуекелдер өз мерзімінде орындалатын болады (6 ай ішінде). Сонымен қатар, жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау негізінде 11 нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді (мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттарына, ережелеріне).

  4. «Шалынып қалма!» жобасы

Облысымызда Департамент бастамасымен «Шалынып қалма!» жобасы жасалып, Алматы облысының мемлекеттік қызметшілері мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және бас бостандығынан айырылып, түзету мекемелерінде болудың ауыртпалығын сезіндіру мақсатында тергеу изоляторына және түзету мекемесіне экскурсия жүргізілді.

    Ағымдағы жылдың І-жарты жылдығында бұл бастамашыл шара аясында облыста 45 мемлекеттік қызметші түзету мекемесіне экскурсия жасады. Бұл іс-шара республикалық және халықаралық БАҚ-та жарияланып, оң нәтижесін көрсетті.

     5. Инвестициялық жобаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдау жобасы

Бүгінгі таңда кәсіпкерлік қоғамның тұрақтылығы мен ел экономикасының қарқынды дамуын қамтамасыз етудің кепілі екені баршамызға мәлім. Осының негізінде, Департаментпен шетел және отандық инвесторлардың құқықтарын қорғауға және осы саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзара іс-қимылды жүзеге асыруға бағытталған «Protecting Business and Investments» (Протектинг бизнес энд Инвестментс) жобасы толыққанды жүзеге асырылуда. «KazakhInvest» Ұлттық компаниясының аумақтық бөлімінің кеңсесінен облыстық фронт-офис ашылды. Атап айтсақ, Алматы облысы аумағында әр жобаның құны 1 млрд. теңгеден аспайтын 66 жоба, сондай-ақ, құны 1 млрд. теңгеден асатын 50 инвестициялық жоба (оның 29-ы шетелдік, 21-і отандық капиталмен) іске асырылуда. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, Департамент   инвестициялық жобалардың құны шамамен 104 млрд. теңгеге (немесе 298 млн. АҚШ доллары, 1 АҚШ доллар - 350 теңге бағамымен санағанда) бағаланатын 10 компаниямен Келісім жасады.

  Сыбайлас жемқорлықпен күресу – бір жылдың және тек бір мемлекеттік мекеменің ғана айналысатын шаруасы емес, қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп жалпы халықтық деңгейде қолға алуды талап ететін күрмеуі қиын күрделі мәселе. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жыл басындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-қимылдың алдағы уақытта да жалғаса беретіндігін жеткізді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халық даналығы. Бір қолдың саласындай біріге отырып жұмыс атқарсақ көздеген мақсатымызға қол жеткізетіндігіміз анық.

                                                       Асқар Садықов

                                        Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет

                                        істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы

                                        іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша

                                        департаменті Сыбайлас жемқорлық

                                        профилактикасы басқармасының басшысы

 

Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4784973