Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу функциясы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілді
- Толығырақ
- Жарияланды 18.10.2018 10:47
- Автор: Super User
- Категория: Әділет жаршысы
- Қаралды: 2429
2018 жылдың 24 мамырында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойылып, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу функциясы әділет органдарынан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын тіркеуші орган болып табылады. Ал, әділет органдары жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу және жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті орган.
Сонымен қатар, Заңмен нотариат куәландырмаған мәмілелер негізінде туындайтын жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеудің мерзімі қысқартылып, өтініш тіркеуші органға келіп түскен кезден бастап бір жұмыс күні ішінде жүргізілуі көзделген.
Сонымен бірге, жеделдетілген түрде жүргізілетін мемлекеттік тіркеу алынып тасталды. Осы орайда, мемлекеттік корпорацияға жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу функциясын беру меншік құқығын тіркеудің мерзімін азайтуға, жылжымайтын мүлік саласындағы барлық кадастрларды біріктіріп ақпараттық жүйе қалыптастыруға, жылжымайтын мүліктің толық электронды мұрағатын қалыптастыруға ықпал етеді.
М.Сағымбек,
аудандық Әділет басқармасының басшысы, Қазақстанның Заңгерлер одағының мүшесі.