«Балам - балым, немерем – жаным»
- Толығырақ
- Жарияланды 05.04.2019 05:00
- Автор: Super User
- Категория: Оқырман отауы
- Қаралды: 5423
05.04.2019ж
Сүйеніп, жастық қойып керегеге,
Мінеки, ата болдық немереге.
Басыңа сенің-дағы түседі ертең,
Күлесің, мәз боласың неменеге?
Көңілін табу үшін немеренің,
Қолына ұстатамын не керегін.
Ойнаймын бала болып күні бойы,
Қылығы қандай тәтті бұл неменің.
Баладай жүгіресің керегіне,
Ып-ыстық ықыласың немереге.
Артыңнан томпаң қағып еріп жүрсе,
Мен үшін басқа бақыт керегі не?
Бәрінен артық көріп ойыныңды,
Асылып, қытықтайды мойыныңды.
Шатағы асса-дағы үндемейсің,
Ол-дағы біліп алған пейіліңді.
Құдай-ау қалай ғана шебер едің,
Қасынан кетпестей қып шегеледің.
Ісіне жас баладай мәз боламын,
Қылығын жақсы көріп немеренің.
Бүлдірдің тағы нені, неменені?
Шаршатып мазалайсың неге мені?
Көресің өз балаңнан ыстығырақ,
Тәтті қып қойған Құдай немерені.
Жырды оқып шықтыңыз ба, құрметті оқырман? Тақырыбы –«Немереме». Қалай екен?... Келісерсіз, өлеңнің шумақтары да өзінің кейіпкері тәрізді. Тәп-тәтті, шып-шымыр ә?! Сезіміңді селт еткізіп, санаңа сәуле себезгілейді. Кекілі желбіреген, тұлымы «тұштаңдаған» құлыншағыңның кейпі көз алдыңа келе қап, жымың ете түсесің. Сөздің сиқырлы серпінінен ғой бәрі. Ал мұны жазған - Сүлеймен Керімбеков.
Ұзақ жылдар бойы Кішішыған орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша дәріс оқыған. Жұбайы Тұрсынай Ахметова да көп жыл бастауыш сыныптарға сабақ беріп, құрметті еңбек демалысына шыққан. Екеуінің Ғалия, Лаура, Дәурен, Мәулен атты ұл-қыздары ержетіп-бойжетіп өмірден өз орындарын тапқан. Солардан өрбіген оншақты немересі бар. Сүкеңнің негізгі мамандығы – журналист. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Газеттік әр алуан жанрда жазған жарияланымдары жергілікті басылымдардан бастап облыстық, республикалық газет-журналдарда жарық көрген. Әлі күнге дейін де жарияланып тұрады.
«Ғашық көзбен қарасаң», «Ақсүйек», «Әнші Дәнеш», «Мен Алаштың ұлымын», «Билер шешімі», «Сатай батыр» атты бірнеше прозалық, драматургиялық және поэзиялық жинақтары бар. Сатира саласына да қалам тартып келеді. Бес пьеса жазған. Аудандық «Арқас алауы» әдебиет пен өнер бірлестігінің жетекшісі. Жасы жетпіс беске таяса да қолынан қаламын тастамаған мұндай талант иесінің туындысы бұлайша тартымды болмауы мүмкін емес те шығар, бәлкім?!
Ал Сүкеңнің бұл сөзіне шығарылған ән қандай десеңізші? Өлеңі мен әуені әдемі үйлескені соншалық: тәттілігі - шекерге бал қосқандай. Сіздер оны естідіңіздер ме, естімедіңіздер ме, білмеймін. Ал, біз естідік. Ән сөзінің авторына да, музыкасын жазған адамға ортақ көршілері. Кішішыған ауылындағы Жұмаш қария мен Күлхай әженің кіші ұлы Талғат пен келіні Аңсағаннан туған немересі Нұрәли бір жасқа толған еді. Осы сәбидің туған күніне арналған қуанышты дастарханның басында отырып тыңдадық. Тыңдағанда қатты ұнағаны сондай: қайта-қайта сұрадық. Құлақ құрышымыз қанды. Ойнақы әуен ойымызды толқытып, бойымызды балқытты. Тілі тәтті, қылығы қызық бүлдіршіндеріміз еске түсіп, езіле емірендік. Әуелде әуеннің авторы әлдеқандай белгілі бір сазгер болар деп бағамдағанбыз. Сөйтсек, өзіміз бала кезден көріп өскен көрші үйдегі Ожан әжей екен. Неге екені белгісіз, осы аты өзіне өте лайық көрінетін. Өзгеше атасаң жараспай қалатындай сияқтанатын. Бірақ, бәрібір азан шақырып қойған есімі «Оразихан» екенін таяуда ғана естідік. Ешқашан езуінен күлкі кетпейтін, аузынан әзілі түспейтін оны үлкен де, кіші де «Ожан тәте» деп ерекше ілтипатпен атайтынбыз. Самбырлай сөйлегенде даусы Сарыарқаның сайын даласында немесе Сібірдің ну орманының ішінде жүргендей жаңғырады. Күлкісі күншілік жерден естіліп, еріксіз елең еткізеді. Әйтеуір жүрген жері - ду-думан. Жиын-тойда қазақтың қара өлеңінің мақамына салып, маңайын көңілділікке кенелтетін.
Әжейдің ән шығаратын қабілеті туралы тосыннан естігенде таң қалғанымыз рас. Ойлана келе оның жайдан-жай еместігіне, тамыры терең тегінде жатқанына тәнті болдық.
Әкесі Әбенжан аймаққа белгілі әнші-өнерпаз болыпты. Күйеуі Саудабаев Дәулетжан ағамыз - қарапайым еңбек адамы. Әйтсе де, ол да әзіл-қалжыңға кет әрі емес. Екеуінің Қанағат, Әлімхан, Әсел, Жұмағұл, Жазира, Самал атты алты баласы бар. Отбасыларында он шақты немересі, үш шөбересі желкілдеген құрақтай болып өсіп келеді. Тұңғыш келіні Жұлдыз - «Алтын алқа» иегері. Осылайша отбасындағы шүпірлеген балапандарының ортасында мама қаздай мамырлай басып жүрген бақытты әженің аналық асыл сезімі ән болып шалқып, әуен болып әуелемегенде қайтсін!?
Нұрәділ НҰРТІЛЕУҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі.