Аспандағы аққуға әнін қосқан ...

06.05.2019ж

Осыдан 52 жыл бұрын, 1967 жылдың ақпан айында Талдықорғандағы малдәрігерлік техникумды аяқтаған соң мені жолдамамен Ұйғыр ауданындағы Тельман ұжымшарына жіберді. 

     Жаз  жайлауда малшыларды аралап, Көккезең мен Майтабанға келгенімде Тұрғанбек аға әйелі Шәумен тәте, Сыбанбек аға әйелімен төртеуі алдымнан шықты.    Амандық-саулық сұрап,біраз әңгімелесіп тұрып қалдық.                           

-Ауылда не жаңалық бар?-деп сұрадым.

       -Жаңалық  сол ауылға Дәнеш  келді. Біз бері шығарда автобуспен клубтың алдына келіп тоқтады-деген Тұрғанбек ағаның сөзіне сенер сенбесімді білмей, «рас па, рас айтасың ба?» деп жалтақтай бердім.              

       Нартәуекел деп  аттың басын Ақтамға қарай бұрдым. Бұқар сайды төмендеп келіп,Тұздыбастаудың суына беті-қолымды жуып,тап-таза мөлдір бастаудан үш қос  уыс суын сіміріп алып, қайтадан жолға түстім. Астымдағы атымды өрге  келсе қамшылап, еңістерден сүргектетіп, жазыққа ілінген соң сары желіске салып,зытып келемін. «Қайтсем де ертерек жетіп,Дәнеш ағамен танысып,емін-еркін әңгімелесейін»деген арман.Көккезең мен Ақтамның арасы атты адамға екі жарым сағаттық жол.Күн ұясына кіре,астымдағы торыны борбайлатып жүріп, жеттім-ау,  әйтеуір.Клубтың артындағы қалың қара ағаштың біреуіне атымды байлай салып,сахна жағынан кіріп келсем,дәл алдымнан Телтаев Асқар мен Құнанбаев Мұхтар деген екі жігіт жолыға қалды.Екеуі де таныс.Дәнеш ағаның театрында істейтін әртістер.Құшақтасып,амандасып тұрғанымызда қолында домбырасы бар,орта бойлы аққұбаша келген,шашын артына қайырған Дәнеш аға келді. -Ой, айналайын, өзімнің туысым екенсің ғой. Иә,иә,Лесновкадағы Мырзахмет ағаны, Жаркенттегі Айтақынды,Үшаралдағы Қоңыраубай мен Бәтіштерді танимын. Бәрінің де үйлеріне барып,дастарқандарынан дәм татқанмын,-деп,менің сөзімді өзі іліп әкетті.Осылайша Дәнеш ағамен бір сағатқа жуық әңгіме-дүкен құрып,күнді батырдық. Клубтың іші лық толы.Ине шаншар жер жоқ.Есік пен терезелерге сығылысып,түрегеліп тұрғандары қаншама!Мен орын таппай біраз тұрып қалдым.Содан соң жүгіріп,сыртқа шықтым да аттың ер-тоқымын сыпырып алдым да сахнаның бір бұрышына тастай салып,ат көрпені екі бүктеп, ешкімнің төбесі қалқаламайтын жерге отырдым.

      Бір кезде сахнаға Дәнеш аға шықты.Көрермен жұрт тұрып,дүркірей толассыз қол соғып қарсы алды.Ыстық ықыласқа толы қуаныш кернеген айқайлар шығып,бүкіл халық қолпаштап жатты. Дәнеш аға сахнада тұрып толқыды,тебіренді. Асықпай барып орындыққа отырды.Тік қайырылған мойылдай қара шашын салалы саусақтарымен артына қайырып қойды да «Аңшының әнін», «Қоңыр қаз», «Ардақ», «Саясында алманың»,халық әні «Халәуләйді»,Ілия Жақановтың «Әселімін»,Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» әні мен қырғыздың әні «Ой,бұлбұлды» орындады.         Ән айтқанда басы мен мойыны біртұтас болып көрініп,аузын еркін ашуға кеңшілік,кеңістік жасайтындай.Бұғағы керіліп,көмейі көлдей көлкілдеп тұрған сияқты.Сол көлден нәр алған қоңыр,көркем дауыс таза күмістің сыңғырындай,еркін шырқап қалықтайды.                        

       Концерт аяқталса да жұрт тарқамай Дәнеш ағаның әндерін тағы да тыңдағысы келетіндерін білген кеңшардың төрағасы Әбіләшім Амутов аға сахнаға шығып,Дәнеш ағаның қолын алып,алғысын айтқан соң көрермен қауым тарай бастады.Жалғыз мен емес сол жылы Ақтамдағы көп адамдардың алғашқы кездесуден алған әсерлері осылай болды.   Тағы да арада жылдар жылжып өте берді.1983 жылы «Дәнеш жайлауға шығыпты.Суықсайда демалып жатыр екен» деген хабарды ести сала,сәлем беруге бардым.Суық өзенннің бойында Жалғызқарағай деген жерге орналасқан.Табиғаты әсем,екі жағы,қырат беткейі толған қарағай.Дәкең мен Рахила жеңгемізбен амандасып,амандық-саулық сұрасып біраз отырдық.Дәкеңді отбасымен Суықтың басында отырған шопандар қонаққа шақырыпты.Мені де ерте жүруді жөн көрді.Мен рахметімді айтып,қоштастым да Көлжайлаудағы малшылардың жағдайларын біліп, есеп алуға кеттім.

       Әнші Дәнеш ағамыздың өмірінің соңғы сәтіне дейін қолынан домбырасы түскен жоқ.Әдемі қоңыр дауысына титтей де тарғылданып сызат түсірместен шырқаған қалпы өмірден озды.

Қайрат Смағұлов,

зейнеткер.

 

Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4847288