Тай сойып, той жасадық...
- Толығырақ
- Жарияланды 07.12.2017 09:43
- Автор: Super User
- Категория: Оқырман отауы
- Қаралды: 2345
Қонақжай халық қазақ десек, артық айтқандық емес. Өйткені, қазақтың қонақжайлығын әлем жұртшылығының өзі мойындап отыр. Одан кейінгі басты қасиетіміздің бірі - балажандық. Өзінің ұл-қыздарын ұядан ұшырып, қияға қондырмайынша жаны жай таппайтын да тағы қазақ. Бала-шағаны өмірге әкеліп, бағып қағады. Одан кейін барын салып жүріп жоғары оқу орнына оқытады. Міне, осының бәрін жасауға қыруар қаражат қажет. Қазекең бар малын шашса да той жасауға даяр. Оның соңы не болса да бәріне көнеді. Ойлап қарасақ, өте жақсы қасиет. Жасыратын не бар, соңғы кездері артық-ауыз ақшасы болмаса, несие алып той жасайтынды шығарды. Бірінен-бірі озғысы келеді. Алайда, осындай қамқорлықты ұл-қыздарымыздың қайсыбіреулері түсіне бермейді.
Жақында бір танысымның баласы үйленді. Жалғыз ұлынан ештеңе аяған жоқ. Дүрілдетіп үлкен мейрамханада той жасады. Дастархан деген тағамға сіресіп тұр. Құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Мейрамхана қонақтарға лық толды. Қазақтың небір ығайлар мен сығайлары жиналды. Небір эстрада жұлдыздары шақырылды. Той иесі солардың әрқайсысына шатырлатып доллар төледі. Тойбастардың өзінде қонақтарға дорба-дорба сый таратылды. Осының бәрін көріп, танысыма жаным ашыды. Той бітісімен қалыңдық әке-шешесімен ілесіп, үйіне тартып отырады.
-Оу, бұл қалай?-деген сауалға: «Той болардың алдында екі жас ұрсысып қалыпты. Содан жас келініміз
үйіне кетіп қалды. Тойхананың барлық ақшасын төлеп, жұртты шақырып қойған соң не істерімізді білмедік. Жалынып-жалпайып артынан барғанмен келіннің бетін бері қарата алмадық. Қыздың әке-шешесімен қосылып «ең болмаса тойды өткізгенше бірге отырыңдар» деп жалбарындық. Соның өзіне әзер дегенде көнді. Осылайша жұрттың көзін алдап, той өткіздік»,-деді танысым. Қаншама қыруар ақша желге ұшты. Қанша жерден үгіттегенмен келін қайтып оралмады. Әлгі танысым көп ұзамай ауруға ұшырады.. Қан қысымы көтеріліп,ұйқысы қашты. Бармаған емшісі қалмады. Қыруар ақшаның арқасында әрең дегенде беті бері қарады. Осыған кім кінәлі? Ең алдымен әке-шеше қадірін білмеген жастар кінәлі. Бірін-бірі қалап қосылған екі жастың мұнысы қалай?
Екі бірдей шаңырақты неліктен үлкен әуреге салды? Бұл жерде тек жастар ғана емес, ата-аналардың өздері де .кінәлі. Біраз уақыт әліптің артын бағып, тойды ойланып-толғанып барып жасауы керек еді. Ата-аналарын қып-қызыл шығынға батырғандар бұл күнде түк болмағандай екі бөлек өмір сүріп жатыр...
Бізде тұратын ұйғыр ағайындар қыздарын үйлендіріп, қал-хадірінше той жасайды. Көпшілігі той-томалақты мейрамханадан гөрі үйде өткізгенді жөн көреді. Мәселен, олар еркектерді күндізгі он екіге шақырады. Дастархан мәзірін жұрт жиналған соң бірақ жасайды. Ештеңені асып-төкпейді. Ішіп-жеп болғаннан кейін қонақтары жөн-жөнімен кетеді. Өйткені олар күндізгі сағат екіге әйелдерді шақырып қойған. Сағат екілер шамасында тойға әйелдер жиналады. Тағы да дастархан мәзірі жасалып, тамақ ішеді. Әйелдер жағы би билеп, бір-біріне орамал жабады. Тойлары ішімдіксіз болса да көңілсіз жүрген ешқайсысын көрмейсің. Дарақыланып босқа шашылмайды. Ал, орыс ағайындардың той-думанын екі күннің бірінде көріп жатамыз. Тойға туған-туыстары, ең жақын дос-жарандары жиналады. Айналасы отыз-қырық адамға дастархан жайылады. Есесіне көп қаржы үнемдейді. Жиналған ақша екі жастың өздеріне беріледі.
Біздер несие алып, дүркіретіп той жасап бергенмен, үй-жаймен қамтамасыз ете алмаймыз. Сондықтан, несие алып, той жасауды доғару керек сияқты. Әркім көрпесіне қарай көсілсе ғой...
Б.БЕЙСЕНҚЫЗЫ.