Ойыншықпен ой өседі, алайда ойыншықтардың көбі-Қытайдыкі, елімізде жасалған ойыншық неге аз?
- Толығырақ
- Жарияланды 15.02.2018 10:17
- Автор: Super User
- Категория: Оқырман отауы
- Қаралды: 2692
Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты - сол ұлттық кодыңды сақтай білу... Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» дейді. Ал бүгінгі балабақшадағы бүлдіршіндер шетелдің мультфильмдерін көріп, Қытайдың ойыншығын ойнап отыр. Бұл дегенің балалардың санасын улау. Балалар «Өрмекші адам», «Бэтмен», «Супермен» болғысы келеді.
Дереккөзіне сүйенсек, дүниежүзінде ойыншық өнімдерін экспорттау бойынша Швейцария, Норвегия, Болгария, АҚШ, Канада, Тайланд алғашқы орындарда. Ал Еуроодақ бойынша Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия және Испанияда ойыншық нарығы жедел қарқынмен өсіп келеді. Бұл елдерде, әсіресе, кішкентай сәбилерге арналған ойыншықтар, конструкторлар мен ойыншық мульт-кинокейіпкерлер өтімді екен.
Десе де, ойыншық өндіруші компаниялар әр елден болғанымен, олардың өкілдерінің 70 пайызы Қытайда құрастырылатыны жасырын емес. Қытайда, әсіресе, ойыншық өндірісі дамығаны сонша, бұл елде тек қана ойыншық жасап шығаратын 8000-нан астам компания тіркеліп, жұмыс істеп келеді. Олар жыл сайын ойыншықтың 30 мың түрін өндіретін көрінеді.
Бұл, әрине әлемдік нарықты Қытай өндірушілері билеп отыр деген сөз. Қытай кез келген тапсырысты төмен бағамен дайындап беретіндіктен, көптеген елдерде индустрия саласының тоқырауға ұшырап, жұмыссыздық белең алуына ықпал етіп отырғаны да шындық. Мәселен, соңғы он жылда АҚШ-тың өзінде ойыншық өндіретін мекемелердің тең жартысы қысқарған дейді деректер. Сондықтан кейбір елдерде отандық тауар өндірушілерді астыртын қолдау шаралары қолға алынған. Ал Бразилия соңғы жылдары шет елдерде өндірілген ойыншықтарды жарнамалауға шек қойып келе жатыр. Бұл біздің пікірімізше, ел болашағы-балалардың қауіпсіздігі мен бақытына алаңдаушылықтан да туған қадам. Олай дейтініміз қоғамдық сараптамалар зиянды деп табылған ойыншық түрлерінің 85 пайызы Қытайда өндірілгенін анықтап отыр.
Кейінгі жылдары әлемде ойыншық тапаншаны «қару» қылып, тонаушылық жасалғаны туралы аз ақпарат таралған жоқ. Дубайда бет аузын тұмшалап, ойыншық тапанша кезеп, валюта айырбастау пунктіне баса-көктеп кірген Қырғызстан азаматтары ұсталды. Осыған ұқсас оқиғалар Ресейде, өз елімізде де орын алды.
Психологтардың айтуынша ата-аналар балаларға ойыншық таңдағанда оның уақыт өткізу, алданыш құралы ғана емес, сонымен қатар тәрбие құралы екенін де ескеруі қажет. Ендеше, ойыншықтың сапасын жасалу құрамымен ғана өлшемей, оның сыртқы формасына да көп мән беру керек екен. «Ресей қазіргі күні ұлттық тәрбиеге аса мән беріп отыр. Сол үшін өздерінің бұрыннан келе жатқан ұлттық ертегілерін дамытып, заман үлгісіне сай түрлендіріп, бөбектеріне ұсынып отыр. Мультфильм кейіпкерлерін қуыршақ түрінде де шығарып, сол арқылы ұлттық тәрбиені санаға сіңіріп жатыр. Ал біз мұндайға мән бере алмай келеміз. Ең қауіптісі қазір біздің базарларда қару кезенген ойыншық кейіпкерлері де, құбыжық бейнесіндегі қуыршақтар да сатылып жатыр. Атыс-шабыс қрұралдары өте көп. Бұлардың бәрі баланың ішкі агрессиясын оятып, психикасын бұзады.Балаларды қатыгездікке шақырады.
Басқа тауарлар секілді ойыншықтардың бәрі де бізге Қытайдан әкелінеді. Тіпті Ресей өнімі деп аталғандардың отаны да Қытай екені анық.
«Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» дейді бұрынғылар. Алайда қаптаған Қытайдың ойыншықтарына әуес балалардан гөрі асық ойнап, мергендік өнеріне бір табан жақындаған балаларды көрсек, ішіміз жылып сала беретіні риясыз шындық. Бүгінде ойыншық саласында қазақстандық өнімдер тым аз. Көп жағдайда өз ойыншықтарымызды іздесең, алдыңнан жасалу бейнеті де жоғары, бағасы да қымбат қолөнер бұйымдары шыға келетіні жасырын емес.
Ал жедел қарқынмен дамып, өсіп келе жатқан ойыншық өнімдері нарығынан аз да болса үлес алу үшін қазақстандық кәсіпкерлерге қарқынды жұмыс істеу қажет секілді.
Б.Бейсенқызы.