Ибалы қыз, арлы бала, үлгілі әке...

Өмірдегі бар жақсылық бастауы -  тәрбиеде жатқаны  бесенеден белгілі, бұл – уақыттың өзі өзгерте алмайтын темірқазық  қағида. Өйткені, бұл баға  жетпес адами  қасиет  перзентке шыр етіп дүние есігін ашысымен-ақ дари бастайтынын осы саланың ғалымдары әлдеқашан дәлелдеген.

 

            Басқасын былай қоя тұрғанда осы саланың беделді ғалымдары «нәресте өмірге келмей тұрып-ақ, онымен сөйлесіп, жанға жайлы әндер тыңдату керек» деп кеңес береді. Мына дүниеге адам болып келген соң,  бала анасының айналысындағы жандардың іс әрекетін қалай да түсінеді. Демек,  «нәресте ешнәрсе сезбейді» деп, әдепсіз қылықтар көрсетуден, дөрекіліктен аулақ болған жөн.  Қазақта «уызына жарымаған» деген ауыр сөз бар. Адам түгілі «уызына жарымаған» мал түлігінің кез келгені жарымжан болатыны, өмірлік  тәжірибеден белгілі.

            Ата-ананың ұрыс-керісін бала көрмегені жөн. Одан  бөлек әке-шешесінің  қосылып алып өзгелерді сыпырта жамандап, балағаттап отырғанын  естіген ұл – қыз қандай тәрбие алмақ?  Балиғатқа  толған «Қызды  қияға, ұлды ұяға  қондыру ата – ананың ең басты міндеттерінің бірі.

            Дерек көзіне сенсек, еліміздегі әрбір төртінші отбасы ажырасады екен. Ажырасудың соңы көбіне бала тәрбиесі мен жауапкершілігінің тек әйелдің өзінде қалуымен аяқталады. Бұл нені білдіреді?  Осындайда есімізге еріксіз «Қымбатты Миләтжан, бір үйге бір ер-азамат керек қой» деп мұртын сипап  тұрып Қожаның шешесін айналшықтап жүретін Қаратай түсіп кете береді. Шынында да сол айтқандай, бір үйге бір азамат ауадай қажет заман болды. 

            Қазір қарап отырсақ, бір үй ғана емес,  бүкіл қоғамда ер-азамат тапшылығы байқалып отыр.  Балабақшада ер-азамат жоқ, мектепте де осы жағдай. Ұстаздардың арасынан ер-азаматтарды өте сирек кезіктіресіз. Демек, біздің балаларымызды үйде де, мектепте де әйелдер тәрбиелеп отыр. Дұрыс, бала тәрбиесінде анадан асқан адам жоқ. Бірақ бүгінгі қоғамға Рахмановтай ағайлар аздық етіп тұр. «Қап, мен Сұлтанның шырағын жаға алмадым-ау» деп шәкіртінің кемшілігін өзінен іздейтін азамат – ұстаздардың аздығы қоғамымызға өз салқынын тигізбей тұрған жоқ.

            Біздің ұлттық тәрбиеміз атадан   балаға мирас  болып келе жатқан түрлі құндылықтарға ие. Ибалы қыз, арлы бала, үлгілі әке, міне,  осылардың барлығы – біздің тәрбие институтымыздың  негізі. Біз қазір осыны жоғалтып алдық. Үлкендеріміз ше? Көбі жас келген соң, әйтеуір,  «ата-әже» болады. Бірақ бұрынғыдай  қазыналы қарттар неге азайып кетті. Әжелер академиясы қайда? Отбасында, ата-әжеден  алуға тиіс тәрбиені көшеден іздеп, психологтардың көмегіне жүгініп, жаппай түрлі тренингтерге  қатысатын заман болғаны ма?

            Бізде кейде біліміміз бен тәрбиеміз қабыспай жатады. Ал тәрбиесіз берген білімнің  қоғамға қауіпті  екенін шығыс ақылмандары баяғыда-ақ айтып қойған. «Қызыл системаның» қыспағында болған 70 жылдың ішінде біз  сәл болмағанда күллі, баға жетпес этнопедогогикамыздан, анамыздың сүтімен, әкеміздің қанымен берілген қайталанбас рухани тәрбиемізден айырылып қала жаздаған халықпыз. «Қызға қырық үйден тыйым», «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» сынды халықтық педагогиканың бастауы кез  келген халыққа берілмеген  тағдырдың  тамаша сыйы. Кез келген шаңырақтың ұйытқысы ата-ене болса керек, қызына ақыл  айтқан болып отырып, келініне де ой салатын ата ененің үлгі өнегесі тәрбиенің түп қазығы болып саналады.

            Бұрындағыдай       алыстан ұстазды көрсе иіліп  тұратындарды мүлдем көрмейтін болдық. Оның айғағы жақында   теледидарда көрсеткендей мұғалімді ата-аналар сабап кеткен. Әрбір ата-ана атадан қалған кегі болса да мұғалім жөнінде баласына ғайбат сөз айтпағаны жөн болар еді. Сонан соң «өзің сақтамаған заңды өзгеден талап етпе». Балаға «өтірік айтпа, темекі шекпе, арақ ішпе» деп алып, өз сөзіңді өзің жұтып езуге темекі қыстырып алып, жүздетіп тұрсаң - сөзіңде де, өзің де қандай қадір қалмақ?!

            Иә, «айтпаса сөз атасы өледі»...

Бағдат   Айтмұқаева.        

Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4779170