Көзілдірік: кербездік пе, кесел ме?
- Толығырақ
- Жарияланды 14.09.2018 05:48
- Автор: Super User
- Категория: Оқырман отауы
- Қаралды: 2440
Бүгінде көзәйнек киген адамдардың саны көбейіп келеді. Әсіресе, көру қабілетінің нашарлауы балалар арасында жиілеген. Аулаға шығып, асыр салып ойнауды ұмытқан, ұйқыдан оянған бойда телефонға телміріп, смартфонды құшақтаған күйі ұйқыға кететін баланың көзі сыр бермей қайтсін?
Сәбиі қыңқылдаса қолына смартфон ұстатып, алдағанына мәз болатын ата-аналар оның зардабы қандай боларын бағамдай бермейтіні өкінішті.
Көз ауруларынан зардап шегетіндердің әлемдік статистикасы алаңдатарлық. 188 елден жинақталған дерекке сүйенсек, әлемде 200 миллион адамның жанары түрлі кеселдерден зардап шегеді. Көру қабілетінің нашарлағандардың басым бөлігі - Оңтүстік Азия халқы. Ақ халаттылардың болжамынша, 2050 жылға қарай әлемде көз ауруларынан зардап шегетіндердің саны 550 миллионға жетіп жығылуы ғажап емес. Яғни, көз дәрігерлеріне сұраныс арта береді деген сөз. Қазірдің өзінде әлем елдерінің үлесі артқан. Бұл үдерістен Қазақстан да шет қалған жоқ.
Ең әуелі мамандар көз ауруларының жас-кәрі талғамауын экологиялық өзгерістермен байланыстарады. Айнала қоршаған зауыттардан таралатын тозаңды жұтып, қаптаған көліктің будақтаған қара түтінімен тыныстап жүрген адамның ағзасындағы басқа мүшелері секілді көзі де сыр бере бастайды. Екіншіден, әлемнің әртүрлі түпкірінен көкке зулаған зымырандар ауаның озон қабатын жұқартуда. Экологтар бұл қабаттың кей жерлерінде үлкен тесіктер пайда болғанын алға тартады. Сол тесіктер арқылы енетін ультракүлгін сәулелері адамның көзін зақымдап, көру қабілетін құлдыратады.
Көз аурулары ушығуының тағы бір себебін мамандар күнделікті тұтынатын тағам құрамындағы химиялық заттардың көбеюімен байланыстырады. Тағамның дәмін кіргізетін түрлі қоспалар ағзадағы зат алмасу процесін бұзады, салдарынан көздің қартаюы жеделдей түседі. Қартайған көз ағара бастайды.
Көз дәрігерлерін алаңдататын тағы бір мәселе балалар арасындағы мопия немесе жақыннан көргіштік кеселінің өсуі. Бұл ауру еліміздегі мектепке баратын балалардың 5 пайызында кездеседі екен. Демек, бірінші сыныпқа барған 100 баланың бесеуі көзілдірік тағады. Ал олар мектеп бітірген жылы бұл көрсеткіш 35 пайызға дейін өседі. Бұл ақпараттық технология ғасырының «жемісі». Ұялы телефон шұқылаумен күн өткізіп, таң атыратын, одан қалса теледидар телміретін балалардың көзі көп ұзамай жақыннан көруге дағдыланады да, алыстағыға көзі жетпей қиналады.
Көз дертіне шалдыққандардың көбі өз ауруынан бейхабар. Гаджеттерді, компьютерді көп қолданғанның салдары шығар дейді де, аз ғана үзіліс жасап, ауруын «емдеп» жібергісі келеді. Егер көз немесе оның айналасы, қабақ үсті ауырса, бұл оның қабынуынан немесе көз қысымының артуынан хабар береді.
Мамандардың айтуынша, көздің қызметі нашарлаған жағдайда көзілдірік кию міндетті. Себебі көру әлсіздігі көзіңізге артық жүктеме үстейді. Тіпті, жүйке жүйеңізге де қысым түсіруі ғажап емес. Ал линза тағудың әсте қажеті жоқ.
Негізінен, әлемдік медицинада көз аурулары мен нашар көретіндерді емдеудің 80 пайызы нәтижелі. Яғни, уақытында емделсе, сауықтыруға болады. Сондықтан көзіңіздің көру қабілеті нашарлағанын байқасаңыз, уақыт оздырмай, маманның көмегіне жүгінгеніңіз жөн.
Көз - шамшырақ. Адам баласы ақпараттың 90 пайызын дененің осы мүшесі арқылы қабылдайды екен. Сондықтан оның қауіпсіздігіне бей-жай қарауға болмайды. Телефонға телміруді азайтып, таза ауада серуендеуді жиілетсеңіз, компьютерде жұмыс істеу барысында тұрақты түрде үзіліс жасап, көзді тынықтырып отырсаңыз, көз кеселдеріне шалдығу қаупі азаяры анық. Теледидардан, смартфоннан мультфильм көруге әуес балаларды да бақылаудан тыс қалдыруға болмайды.
Баланы кішкентай күнінен жанарын қорғай білуге дағдыландырсаңыз, кейін зағиптықтың зардабын тартпайды.
Әзірлеген Б.Айтмұқаева.