Еркін қолжетімді арналар тізбесі қалай түзіледі?
- Толығырақ
- Жарияланды 31.05.2019 04:58
- Автор: Super User
- Категория: Цифрлы Қазақстан
- Қаралды: 1758
31.05.2019ж
Цифрлық хабар таратудың не екенін тарқатып көрелік. Қазақстанда цифрлық телевизия туралы 2011 жылы-ақ айтыла бастады. Сол кездің өзінде «OTAU TV» жерсеріктік телевизиясы цифрлық пішімде хабар таратып, техникалық әлеуетін бірте-бірте күшейткен болатын.
Осының арқасында жоғарғы сапалы кескін мен дыбысқа қол жеткізілді. Ал 2012 жылғы шілдеде телехабар таратудың цифрлық эфирлік (жерүстілік) желісі іске қосылды. Сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев цифрлық хабар таратуды Қазақстанды индустрияландыру бағдарламасындағы ең маңызды әрі қажетті шара деп атады. Осы миссия жолында бірте-бірте Қазақстан аумағының ең шалғай нүктелерін де қамти отырып, цифрлық телевизия жаңа өңірлерді «жаулауды» бүгінгі таңда да жалғастыруда.
Ақпараттың заманауи құралдарының бір жақсы жері, олар бізге «жаһандық көлемде жар салуға» мүмкіндік береді. Жар салып-ақ жатырмыз. Ғаламтор кеңістігінде мынадай көңіл-күйдегі сұрақтарды кездестіру қиын емес: бізге қайта құру, өзгерту, жаңғырту неге керек? Телекөрерменге цифрлық ТВ-дан не пайда келер дейсің?
Біріншіден, кәбілдік топтама сатып алмай-ақ, ай сайынғы абоненттік төлемсіз, түрлі-түрлі тегін телеарна санын жиырмаға дейін көбейтуге болады.
Екіншіден, мәселе – сапада. Бұл – басты себеп. Бізді экранға байлайтын да осы - көріністің кереметтігі мен әдемі кескін емес пе?!
Естеріңізге сала кетейік, 2006 жылы Женевада Өңірлік радиобайланыс мәслихаты өтіп, онда Аналогты телехабар таратудан цифрлыққа өту жөнінде Халықаралық конвенция қабылданды. Келісімге әлемнің 100-ден аса елі қол қойды, олардың қатарында Қазақстан да бар.
Жаппай «цифрға» көшу еуропалық Нидерланды мен Люксембургтан басталды, арада үш жыл өтер-өтпестен, 2009 жылы Құрама Штаттар өздерінде аналогты хабар таратудан толығымен қол үзгені туралы құлақтандырды. Бүгінде бүкіл Еуропа мен Латын Америкасының барлық дамыған елдері, Австралия, Қытай, Кавказ өңірі, тіпті Таяу Шығыстың кейбір елдері цифрлық хабар таратуға толығымен көшіп алды.
Аналогты жерүстілік желі бойынша қазақстандықтардың жартысынан астамына отандық телеарналардың бар болғаны төрт-бесеуі ғана қолжетімді еді. Барынша көп ақпаратқа қол жеткізуге деген ниет шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарын өз үйлерінің шатырлары мен балкондарына жерсеріктік тәрелкелер орнатуға, яғни шетелдік жерсеріктік операторлардың қызметтеріне жүгінуге мәжбүр етті. Бүгінгі таңда цифрлық технологияларды енгізе отырып, мемлекет тіпті ең түкпірдегі ауылдардың тұрғындарына 15 шақты, тек республикалық қана емес, өңірлік қазақстандық арналарды да көруіне мүмкіндік беріп отыр.
Телекөрермендер үшін тағы бір маңызды мәселе: қандай телеарналар қолжетімді арналар тізбесіне енді?
Қазақстан Республикасының 18.01.2012 ж. №545-IV «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңында 13 бап еркін қолжетімді теле-, радиоарналар тізбесінің қалай жасалатынын түсіндіреді.
ҚР 24.11.2015 ж. №419-V заңына сәйкес 2 тармаққа өзгерістер енгізілді, онда еркін қолжетімді арналар тізімінің ұйымдастырылу үдерісі былай сипатталады:
Конкурстық негізде әр телеарнаның – мемлекеттік конкурсқа қатысу туралы өтінім берген үміткердің контенті мұқият қарастырылады, ал телерадио хабарларын тарату мәселелері жөніндегі комиссия жеңімпаздарды бекітеді. Жеңімпаз телеарналар ішінен еркін қолжетімділікке арналған телевизиялық арналар тізімі қалыптастырылады. Бұл рәсім, заңға сай, кем дегенде, үш жылда бір рет өткізіліп тұруы тиіс. Сондықтан қолжетімді телеарналар тізімі уақыт өте келе өзгеруі мүмкін.
Ал телерадио хабарларын таратудың өңірлік операторлары теле-, радиокомпаниялармен бекітілген шарттар негізінде еркін қолжетімді теле-, радиоарналарды таратуға құқылы.