Цифрлы сауаттылық-заман талабы
- Толығырақ
- Жарияланды 23.08.2018 08:22
- Автор: Super User
- Категория: Цифрлы Қазақстан
- Қаралды: 2577
Еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етіп, сондай-ақ экономикалық тұрғыда қарқынды дамуымызға себепші болатын цифрлы технологияны халыққа кеңінен түсіндіріп, осы бағытта жүйелі жұмыс жасау мемлекетімізді экономикалық және технологиялық қарқынды дамуға алып келетіндігі айқын. Цифрлы технологияны енгізудің еліміз үшін тиімді тұстарын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз.
Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты»,-деп өзінің былтырғы ел халқына арнаған Жолдауында айқын түрде көрсетіп берген болатын.
Бүгінде ел игілігіне бағытталған әрі Елбасы бастамасымен қолға алынған ауқымды жоба кезең-кезеңімен жүзеге асып,межеленген мақсаттар орындалып келеді. Мәселен, 2021 жылға дейін 1 мың 200-ден артық елді мекенде жылдамдығы жоғары интернет тартылатын болады. Білім беру салалары да толықтай цифрлы жүйеге көшеді. Сонымен қатар, халықтың уақытын үнемдеу мақсатында халыққа қызмет көрсету салалары да онлайн жүйеге біртіндеп ауысады. Тағы бір тиімділігі жоғары дүние – шалғайдағы елді-мекендер ғаламтор желісімен қамтамасыз етіледі. Осы мәселе бойынша министрліктің мәліметінше, 13 миллион тұрғын жылдамдығы жоғары интернетті пайдаланады. Ал халық саны 10 мыңнан асатын мекенде 3G байланыс, ал 50 мыңнан жоғары тұрғыны бар жерде 4G стандартпен қамтылған.
Яғни, елді цифрлы сауаттылыққа бейімдеу, ел экономикасына осы жүйені енгізу мемлекеттің дамуына түрткі болатындығы анық.
А.ҚУАНТАЙ.