ЖАСТАРҒА ҚОЛДАУ ЖОҒАРЫ

01.02.2019ж

Елбасымыздың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы еліміздің еңсесін көтеруге себепші болғаны сөзсіз.

     Еңбекқорлықты арттырып, белсенділікті күшейту арқылы тұрмыс жағдайды түзеп, ел экономикасының артуына себепкер болар бұл Жолдаудың орны ерекше екені анық. Айталық осы Жолдаудың негізінде жастарға көп көңіл бөліп, «2019-Жастар жылы» деп жариялануының өзі артылған сенімнің  айғағы.

    Мемлекет басшысы қай кездерде болмасын жастарды қолдап, жастар саясатын көздейтіні бекер емес. Бұл туралы кезекті Жолдауында да ашып айтып, ерекше басымдық берді. Жолдауда жоғары оқу орындарынан білім алып шыққан жастардың өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрып, елімізге қызмет ету мәселесі қоғамның дамуын айқындайтын негізгі фактордың бірі болып отыр. Даму стратегиясы жүзеге асар болса, болашақ маманның жағдайы өзгеріп, жақсы өмір сүруіне себепші болар еді деп ойлаймын. Осынша игі бастамаларды ұйымдастырып отырған соң жастардың кәсіби шеберлігі де шыңдалып, қызметіне деген сүйіспеншілігі артпақ.

   Бұл бағдарламада жастарды жұмыспен қамтып қана қоймай, сонымен қатар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы баспанамен қамтамасыз ету, мамандығын одан әрі дамытып, біліктілігін арттыру үшін түрлі жұмыстар ұйымдастырылып алға қойылды. Елбасы жастарға үлкен сенім білдіріп, қолдау көрсетуде. Сол себепті жастарымыз еліміз үшін ерінбей еңбек етіп, мемлекет дамуына үлес қосулары міндетті.

   Жастар  – еліміздің қозғаушы күші болып табылады. Бүгінгі жас ұрпақ өте білімді әрі креативті пікірлерге ие. Жастарымыздың ішінде озық ойлы, соңғы үлгілердегі жаңа технологияларды еркін меңгерген өнертапқыш ұлдарымыз бен қыздарымыз көптеп шығып келеді. Сондай-ақ талантымен талайларды тамсандырып, әлем елдерін өзіне қаратып жүрген әрі спорттық жарыстарда қазақ елінің көкбайрағын көк аспанға желбірете самғататын жастардың көптігі қуантады. Мұның барлығы Елбасымыздың жастар саясатына ерекше ден қойып, олардың озық идеяларына, ұтымды жобаларына қаржылай қолдау көрсетіп жүргенінің арқасында. Осындай жастарымыз барда еліміздің ертеңі еңселі болары анық.

   Сонымен қатар, Президентіміз өз сөзінде талантты да талапты жастардың көпшілігі ауылда жүргенін айтып, ол жастарға өз кәсіптерін ашулары үшін көмек қолын созуды, баспанамен қамтамасыз етуді ескерткен болатын. Ендігі кезекте Үкімет тарапынан ауыл жастарына қолдау жоғарыласа, республикамыздағы ауылды елді-мекендердегі көзі ашық, көкірегі ояу жастарымыздың жұмыссыздар санын азайтып, сұранысқа ие маман болып қалыптасуларына себепші болар еді.

   Нұрсұлтан Әбішұлы жастарымызды патриоттық рухта тәрбиелейтін, Отанға деген сүйіспеншүілікті арттыратын, елімізді әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуға септігін тигізетін нақты мақсаттарды орындауға шақырып келеді. Мұның бір дәлелі ретінде «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларын атауға болады. Осы мақалаларда айтылған негізгі басымдықтар көз алдымызда өзгеріп жатқан жаһандану дәуірінің жаңа тарихи кезеңіне  үлкен жауапкершілікпен, зор сеніммен нық қадам басуымызға себепші болары анық.

   Еліміздің ертеңі, болашақтың тұтқасы болар жастарға артылған сенімнің орындаларына сеніміміз мол. Биылғы «Жастар жылы» елдегі жас ұрпақтың өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алып, жаңа бастамаларына жол ашатындығына себепші болады деп ойлаймын.

Мұратбек Әжібеков,

аудандық  мәслихат

депутаты.

Күнтізбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4735535