Жетісу облысы: Халықаралық балаларды қорғау күні және жазғы демалыспен қамту
- Толығырақ
- Жарияланды 31.05.2024 10:43
- Автор: Super User
- Категория: Жастар
- Қаралды: 301
2024-05-31
Б.Құранбек атындағы Журналистер үйінде 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні және жазғы демалыстың дайындығы мен жоспары туралы сөз қозғалды. Бұл туралы облыстық Білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов пен басшы орынбасары Гүлмира Ахметова баяндады.
Биыл 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мерекені өткізу алгоритмі және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Алтын балалық шақ» декадасының тұжырымдамасына сәйкес өткізілетін болады. Осыған орай, облыстық мерекені өткізу іс-шаралар жоспары құрылды. Декада аясында облыс көлемінде «Біз бақытты баламыз» мерекелік бағдарлама, «Open Air» - «Әншуақ» балалар әндерінің қазақ тіліндегі концерті, спорттық шаралар мен ойындар, тарихи-өлкетану іс-шаралары, экологиялық акциялар ұйымдастырылады.
«Талдықорған қаласында «Сәлем жаз - 2024» жазғы маусымның ашылу аясында 250 халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары саяхаттайды. Атап айтсақ, 100 бала Кербұлақ ауданы, Шоқан Уәлиханов музейі мен кесенесіне, қалған елу-елу баладан Ақсу ауданы, Ақын Сара мұражайы мен Тамшұбұлақ бұлағына, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласындағы тарихи өлкетану мұражайына, Талдықорған қаласындағы М.Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану және І.Жансүгіров атындағы облыстық әдебиет мұражайларына саяхаттайтын болады», - деді Гүлмира Тойғанбекқызы.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша облыста қала сыртындағы 14 сауықтыру лагерлері жұмыс істейді. Оның ішінде: 12 қала сыртындағы жазғы сауықтыру орталықтары, 1 мүгедектігі бар балаларға арналған жазғы сауықтыру орталығы, 1 дарынды балаларға арналған лагерь. Биыл жазғы демалыспен оқушылардың 85%-ын қамту жоспарлануда.
Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен 1113 бала, Балдаурен жазғы сауықтыру орталықтарында 242 бала демалады. Ал 2847 бала облыс аумағындағы лагерлерде, 924 бала Алматы облысының аумағында орналасқан лагерлерде демалады.
Одан бөлек, Жалын сауықтыру лагерінің паспорты халыққа қызмет көрсету орталығына тіркеуге берілді. Шағала сауықтыру лагерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оның ашылу уақыты 17 маусымға белгіленіп отыр.