Халықаралық білім беру стандарттарына жасалған қадам
- Толығырақ
- Жарияланды 19.01.2025 07:55
- Автор: Super User
- Категория: Жастар
- Қаралды: 4
2025-01-19
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫН ИНТЕРНАЦИОНАЛДАНДЫРУ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ СТАНДАРТТАРЫНА ЖАСАЛҒАН ҚАДАМ
Қазақстанның жоғары оқу орындарын интернационалдандыру – елдің білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіруде маңызды қадам. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы Жолдауында шетелдік университеттердің филиалдарын ашу және оларды қолдау туралы айтылғаны – мемлекеттің бұл бағыттағы ұмтылысының айқын дәлелі.
Шетелдік 23 жоғары оқу орнының Қазақстанда жұмыс жасауы, олардың ішінде Ұлыбритания, Қытай, АҚШ, Ресей сияқты елдердің жетекші университеттері, білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, мұнай инженериясы, жасанды интеллект және химия сияқты стратегиялық маңызы зор салаларда кадр даярлау еліміздің экономикасы мен ғылымына үлкен үлес қосады.
Мемлекет бөлген гранттардың және серіктестік бағдарламалардың арқасында мыңдаған студент халықаралық стандарттарға сай білім алуда. Қос диплом бағдарламалары мен онлайн платформалар (мысалы, Coursera арқылы 40 мың лицензия) жастарға жаһандық деңгейде білім алуға жол ашып отыр.
Сонымен қатар, жасанды интеллект саласында қазақстандық университеттердің шетелдік серіктестермен бірлесе отырып арнайы мектептер мен зерттеу орталықтарын ашуы – заманауи технологияларды меңгеруге жасалған нақты қадам. Бұл саладағы даму елдің технологиялық және ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған.
«Болашақ» бағдарламасының қайта бағдарлануы, шетелдік студенттер үлесінің артуы және QS World University Rankings рейтингіне 21 қазақстандық ЖОО-ның енуі – білім беру жүйесін интернационалдандырудың жетістіктерін айғақтайды. Бұл бағыттағы бастамалар білім беру сапасын арттырып қана қоймай, Қазақстанды білім беру туризмінің орталығына айналдыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, интернационалдандыру – ел болашағына салынған инвестиция. Бұл бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыру Қазақстанның жаһандық білім кеңістігінде өз орнын айқындайды және экономиканың әртүрлі секторлары үшін білікті мамандарды даярлауға негіз болады.
С. әбдіреш